12.09.2017, 11:37
Қараулар: 268
 » 
Бұл істе нақтылық қажет

Бұл істе нақтылық қажет

Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевтің төрағалығымен әкімдіктің кіші мәжіліс залында оздырылған кезекті отырыс тағы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жайына, нақтырақ айтсақ, әр тұрғынның әлеуметтік жағдайын анықтауға арналды. Оған аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиева, күн тәртібіндегі мәселеге қатысы бар мекеме, ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Отырысты ашып, МӘМС-ке байланысты жұмыстардың аудандағы барысымен таныстырған Рүстем Мүлкайұлы тұрғындардың, әсіресе, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердегі жалдамалы жұмысшылардың мәртебесін анықтаудағы қиындықтарды бүкпесіз айтып, жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды. Бұл жорықта да белсендік танытқан аудандық аурухана директоры Әділгерей Ғаббас болды. Ол денсаулық сақшыларының күшімен ауылдағы үйлерде кімдердің тұратыны, қайсысы қайда еңбек ететіні, оқитыны, отбасы мүшелерінің шетте жүргендері анықталғанын мәлімдеп, цифр тілімен тізіп берді. Онда 13 адамның құжатсыз, 16 адамның Ресей паспортымен жүргені, тізімде тұрған 108 адамның ауылда жоқтығы, дүниеден озған кейбір жандар есептен енді шығарылып жатса, бірен-сараны әлі шығарылмағаны келтірілген.

Аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева, Ұялы ауылдық округі әкімі Б.Оразғұлов, аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысы С.Хайроллин өз ойларын ортаға салды. Сөйлеушілердің пікірінше, шалғай елді мекендегілер МӘМС-ке әлі жіті мән бермей отыр. Келер жылдан бастап жедел жәрдем, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде медициналық көмек тегін ұсынылғанымен, одан әрі емдеу ісі қымбатқа түсіп, қалта көтермей қалған шақта бармақ тістеулері мүмкін. Сондықтан, кейін опық жемес үшін әр тұрғынды толық құлақтандыру керек. Табындап сиыр, үйірлеп жылқы, отарлап қой өсіргендерімен шаруа қожалығы иелері малшылардың бәріне бірдей жалақы төлеп, зейнетақы мен МӘМС қорына жарна аударып жатқан жоқ. Сатушы, жүк түсіруші, жүргізуші, күзетші ұстап отырған дүкен  иелері де солай. Қысқасы, қарапайым халықтың құқықтық сауатын ашып, өз өмірлері үшін күресуді, айдалада қалмауды жіті түсіндіру қажет.

Отырысты қорытындылаған Р.Зұлқашев осы жайды округ әкімдері мен сала басшыларына нығырлай тапсырды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.