12.09.2017, 11:31
Қараулар: 258
Аядай ауылдың еңбекқор жандары

Аядай ауылдың еңбекқор жандары

«Жақсылықты жария етуге асық, жұрт үлгі алсын» дегенді ескерді ме екен, Т.Масин ауылдық округі әкімі Меңдібай Қитанов ауданнан келгендерге өздерінде наубайхана ашылып, тұрғындарға ыстықтай нан ұсына бастағандарын құлаққағыс жасады. Жақсыны көрмек үшін қонақтар да елең ете түсіп, түскі үзіліс уақыты болып қалса да, аталмыш нысанды көруге бет алды.

Кезінде кеңшардың жүрдек автокөлік жүргізушілерінің бірі болған Бейбіт Жұмашев пен оның зайыбы Рашида Қайыпова (бұрынғы кадр бөлімі қызметкері) нарықтың ұзаққа созылған өтпелі шағында да еңбекқорлықтары арқасында сыр алдырған жоқ. Қолы епсекті Бейбіт ауылдастарының ақаулы техникаларын жөндеп беріп, Рашида ісмерлігімен отбасын толық қамтып отырды. Екі қызын ұзатып, үлкен ұлы Тұрарбекті аяқтандырды. Кенже ұлы мектеп оқушысы.

– Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «шиномонтаж» цехын ашқаныма да біраз жыл болып қалды. Балам Тұрарбек екеуміз автокөліктердің ақауын жөндеп, қатарға қоссақ, тігінші Рашида орындықтарын қаптап, қайта өңдеп, тіптен құлпыртып жібереді. Тапсырыс берушілер де дән риза,-дейді отағасы Бейбіт. – Биыл келініміз Гүлжайнар Мекетаеваға қажетті құрал-жабдықтар алып беріп, ол наубайханашылықты бастап кетті.

Иә, осылайша еңбекқор әулет елге танылуда.

Каримолла ҒАЙСИН.

Бөрлі ауылы.

Суретте: еңбекқор әулеттің отағасы Бейбіт Жұмашев.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Басқа да мақалалар