12.09.2017, 11:25
Қараулар: 354
«Берекенің» берері мол

«Берекенің» берері мол

Жұмыссыздықпен күрес бүгінгі күннің басты мәселесі. Бұл орайда,  жұмыс іздеушілерге кәсіби білімнің жоқтығы үлкен кедергі келтіруде. Оның үстіне бәріне бірдей жұмыс тауып беру экономикалық тұрғыдан мүмкін емес. Шынтуайтына келгенде, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» биылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы болып қайта қабылданды. Жаңа бағдарламаның қоғамға тигізер пайдасы да орасан.

Бұл нәтижелі іске мұрындық болып отырған мемлекеттік жоба  аясында  «Береке» бағдарламасы құрылғаны көпке мәлім.  Оның басты бағыты – жеке тұлғалардың  өз шаруашылығындағы немесе несие арқылы алған  малын бордақылап, тапсыру. Әрі онда әр басқа 20 мың теңге көлемінде мемлекеттен субсидия  бөліп, төлеу қарастырылған.  Осынау жүйені жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне (АӨК) мүшелікке өтуің  шарт. Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының қолдауымен «Бисен-Атамекен», «Мешітқұм» және «Хан ордасы-Мешітқұм»  АӨК құрылды. Күні бүгін аталмыш  кооператив  мүшелері несие рәсімдеу арқылы  малдануда.

Айта кетелік, таяуда Бисен ауылдық округінде осы бастаманы жандандыру мақсатында «Бисен-Атамекен» АӨК мүшелерімен кездесу өтті. Басқосуға аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы С.Хайроллин, кәсіпкерлер палатасының директоры Б.Жұмағұлова және кеңесшілері Ж.Мұсағалиев пен А.Өтеғалиева қатысты. Онда ауыл тұрғындарына құрылымның жарғысы таныстырылып, талқыланды. Кооперативтің заңды статусы, қағидалары, мақсатымен бірге  мал өнімдерін өткізу жөнінде әңгіме қозғалды. Әрі Бибігүл Мұқасқызы және ұжым мүшелері АӨК төрағасы Д.Аймағанбетовке осы кезге дейін атқарған жұмысы үшін алғыс айтып,  көпшілік ұсынысымен кооператив төрағалығына  Т.Момынов сайланды.

Күні бүгін ауданда «Береке» бағдарламасы бойынша  38 адам несие алып, бордақылау  жұмыстарын бастап та кетті. Олардың алғашқы легі  басты төлемдерімен есептесуде. Екінші деңгейлі банк несиелеріне  тұрғындардың колы жете бермейтіні шындық. Сондықтан бұл жоба  аудан тұрғындарына өте тиімді. Несиенің жылдық өсімі алты пайызды құрайды.

Ізгі  мақсатқа  жол ашқан осынау мүмкіндікті уыстан шығарып алмауға асығыңыздар, жерлестер!

Жақсылық МҰСАҒАЛИЕВ,

кәсіпкерлер палатасының

аудандық филиалы кеңесшісі.

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы»

Басқа да мақалалар