12.09.2017, 10:57
Қараулар: 295
Алыста жүрген Арай…

Алыста жүрген Арай…

Қазақтардың «Қыз – өріс» деп   арулар тәрбиесіне ерекше мән беретіні ақиқат. Отбасында үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып өскен бойжеткеннің  жат босаға аттағанда да барған жерінде қадір-қасиеті артары сөзсіз. Жақында жиенім Алина Шымкент қаласындағы  фармацевтикалық академияға оқуға түсіп, бұрын көріп-білмеген қалаға жол тарттық. Ешбір тума-туыс жоқ, бейтаныс жер… Кетерде жатақхана әзір болғанша,  тұратын үй қажет болады ғой деген оймен көршіміз,  марқұм Шүкірғали ағайдың зайыбы Жұмағаным апайдан осы қалаға тұрмысқа шыққан қызының телефон нөмірін ала кеткенбіз.  Құжаттарды тапсырып болған соң, әлгі нөмірге  қоңырау шалдым.

– Сіз, Сәния апасыз ба, Гүлназымның мамасы?-деп қызымның сыныптасы жылы ұшырай амандасқанда көңілім бірленіп сала берді. Аман-саулық сұрасқаннан кейін,    қайнағаларының жақсылықтарында жүргендерін айтқан ол: «Азанда келіңіз, мен жұмыста болсам, ата-анам қарсы алады ғой»,-деп бәйек болды. Ертеңгісін таксимен айтқан  мекенжайға жетіп бардық. Бірақ, көлік жүргізушісі көшеден аздап асыңқырап кеткен екен. Қазақылық дегенді қойсайшы… Үлкен кісілердің аты-жөндерін де сұрамаппыз. Дағдарып тұрып, қарсы алдымнан кезіккен әйелден екі-ұштылау оймен  «Арайдың үйін білмейсіз бе?»-деп сұрап едім. Ол: «Арайжан ба, мына көшеде тұрады»,-деп  бізді бағыттап жіберді. Үлкен қалада, тіпті, көршіңнің кім екенін білмейтінің анық қой. Ал, оны қарсы кезіккен бізге бейтаныс адамның танып жатқанына іштей риза болып қалдым. Ата-енесі де: «Қызымыздың қонағы – біздің қонағымыз»,-деп жылы ұшырай қарсы алды. Шәй ішіп отырып, танысып та алдық. Олар әңгіме арасында: «Арайдың осы шаңыраққа келін болып түскеніне 17 жыл болды. Оны біздер ғана емес, айналадағы адамдардың бәрі сыйлап, жақсы көреді»,-деп ағынан жарылды. Ауылдың қызы жайында айтылған лебізге менің де мәртебем өсіп, төбем көкке жетті. Екі сағаттан кейін пойызға мінетін уақыт болып, күйеу баламыз бізді  вокзалға шығарып салды. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы-ау! Ал, біздің ауылдың қызының алыста жүрсе де абыройлы ғұмыр кешуі ата-ана тәрбиесінің  жемісі екені сөзсіз. Біз мұндайда «тәрбие – тал бесіктен» деп жатамыз ғой, бәрі рас. Осы сәт менде аналық жүрекпен өркенің өсе түссін, Арайжан дедім іштей.

Сәния ХАЙЫРОВА,

                                       Сайқын ауылының тұрғыны.

Суретте: Арай жанұясымен бірге.

Газет және оқырман

Басқа да мақалалар