12.09.2017, 10:21
Қараулар: 239
Болашақ үшін маңызды қадам

Болашақ үшін маңызды қадам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әрпіне көшуді жан-жақты қарастыру қажеттігін атап көрсетіп, өз ойларын да ортаға салғаны мәлім. Жаңа әліппенің қазақ халқының алға жылжуына, еліміздің заман талабына сай өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосары айқын.

Қазақ әліппесін латын графикасына көшіру жайында облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлжайна Бисенғалиева, филология ғылымының кандидаты Алтынбек Әбділманов және «РhD» философия докторы Айдарбек Ақболатовтар ауданымызда болып, түсінік жұмыстарын жүргізді.

Білім бөлімінің акт залында өткен бұл басқосуды аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ашып, жүргізіп отырды. Облыстан келген тіл жанашырлары Қ.Мырза Әлінің: «Халықтың рухы биік болуы үшін – тіл рухы биік болуы шарт»,-деген қанатты сөзімен тамырланған тіл мәселесін реформалаудың басты бағыты жайында әңгіме қозғап, жиынға қатысушылардың таным көкжиегін  кеңейтті. Әрі қазақ тілін латын әрпіне көшіру бұған дейін де бірнеше рет көтерілгені және бұл қадамға бару үшін біраз зерттеулер жүргізілгені әңгіме болды. Үгіт-насихат тобының өкілдері алда бізді қыруар істер күтіп тұрғанын да жасырмай, үлкен-кішіден айрықша белсенділік күтілетіндігін жеткізді.

– Біз латын әрпіне көше отырып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақты анықтап, сөз қолданысындағы артық кірме сөзден арылатын боламыз. Сол себепті, бұл қадам болашақ үшін маңызды,-деді олар.

Жиынға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиевтермен қоса, аудандағы қос мектеп пен колледж басшылары, мұғалімдер, студенттер мен оқушылар қатысты.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.

 

Тілге құрмет – елге құрмет

Басқа да мақалалар