Мұғалімдердің тамыз кеңесі

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген ел дамуының стратегиялық бағдарламаларынан туындайтын тапсырмаларды орындауға жұмылған білім беру саласы қызметкерлері  үлкен ізденіс үстінде. Атқарылған істер мен алдағы міндеттер мұғалімдердің биылғы тамыз кеңестерінде жан-жақты сараланып, тиімді жолдар нақтылануда. 25 тамыз күні аудандық мәдениет үйінде өткен Бөкей орда аудандық білім беру жүйесі қызметкерлерінің  педагогикалық кеңесінде де солай болды.

 

Негізгі мәселелер жөнінде ой түйіндеуге, пікір алмасуға мүмкіндік, оқу жылын жаңа серпіліспен бастауға бағыт беретін бұл маңызды зияткерлік бас қосуға мұғалімдермен қатар, аудан әкімі, мәслихат хатшысы, мекеме басшылары және қоғамдық ұйым жетекшілері, сала ардагерлері, ата-аналар қатысты.

Кеңесті аудандық білім беру бөлімі басшысы Ержан Иманбаев ашып, күн тәртібі, жұмыс регламенті бекітілгенен кейін аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов құттықтау сөз сөйледі.

Аудандық тамыз кеңесіне әзірлеген баяндамасының  нұсқасы «Орда жұлдызы» газетінде жарияланып, слайд арқылы барлық мектептерге жіберіліп, күні бұрын таныстырылса да, Ержан Мақсотұлы білім саласына жаңа технология жетістіктерін енгізу жайына қысқаша тоқталып өтті. Жарыссөзге қатысқан мұратсайлық ардагер ұзтаз Мәстура Қабиева, Орда  ауылдық округі әкімі Медет Сейсенов, Бөкей ордасы колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сайран Алтаяқов, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің ата-аналары комитеті төрағасының орынбасары  Ерболат  Имашев өз пікірлерін ортаға салды. Биыл келген жас мамандар атынан сөз алған М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлегі, қызыл диплом иегері, математика пәні мұғалімі  Бекзат Ибрашева ұстаздар үмітін ақтап, сенімнен көрінуге бар күш-жігерлерін  жұмсайтындықтарын тілге тиек  етті.

Кеңесте білім ұяларында ізденімпаздық пен іскерлікті, мейірбандылық пен мәртебелікті қалыптастырған ардагер ұстаздарға қошеметпен гүл ұсынылып, жас мамандар салтанатты түрде таныстырылды. М-С.Бабажанов пен М.Мәметова атындағы орта мектеп шәкірттері мен «Ер Төстік» бөбекжайы бүлдіршіндері сала қызметкерлерін үш тілде құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды. Үздік ұстаздар  мен көшбастаған білім  ұялары марапатталды.

Биыл әр мектептің базасында оздырылған пән секциялары отырыстарының қорытындысы туралы  аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Зинур Мұхтардың хабарламасы тыңдалды. Кеңестің ұсынбасы қабылданды.

Шараның соңы «Ер Төстік» бөбекжайының тәрбиеленушісі Гауһар Мұңайдарова мен тәрбиешісі Айнұр Мусинаның орындауындағы «Ұстазым» әнімен аяқталды.

 

***

 

Биылғы 10 жас маманның 8-і облыс орталығындағы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың түлектері екен. Олар:

Ибрашева Бекзат Жігерқызы – математика пәні мұғалімі (Жәңгір хан);

Мақсотов Арнұр Маулетұлы  – математик (М.Бегалиева);

Бақыт Асыл Қадыржанқызы – хим-биолог (Қ.Сағырбаев);

Жасбуын Дина Тельманқызы – биолог (М.Бегалиева);

Альбина Мэлсқызы – химик (М.Бегалиева);

Жакин Мирас Жәдігерұлы – дене шынықтыру  пәні мұғалімі (Ш.Жексенбаев);

Меңдірасимова Айымгүл Қайырханқызы – бейнелеу өнері пәні мұғалімі;

Құрманғалиева Гүлмира Серікқызы – технология пәні мұғалімі (екеуі де аудандық мектептен тыс тәрбие орталығы);

Ғаниева Бақытгүл Мұхитқызы – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін бітірген, физика пәні мұғалімі (А.Құсайынов);

Дүйсенова Тәттігүл Еркінғалиқызы – Орал техникалық колледжінің түлегі, бастауыш сынып мұғалімі, (М.Бегалиева).

Сәтті қадам сіздерге, жас мамандар!

* * *

 

Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Сахипова Мәншүк Сапиоллақызы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, А.Құсайынов атындағы орта мектептің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрәлиев Асылбек Мәлікұлы, аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Мұхтар Зинур Ғафурұлы, Жәңгір хан атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Оңаев Жанболат Хайырлыұлы, М.Мәметова атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Таңатов Мұзафар Қабденұлы облыстық білім басқармасының  Құрмет грамотасымен марапатталды.

Оншақты ұстазға аудан әкімінің Алғыс хаты, оннан астамына аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ, Алматы, Ақтөбе қалаларында өткен шәкірттердің республикалық байқауларына қатысушылардың іссапар шығындарын мойындарына алып, демеушілік жасаған ата-аналар Нұрқат Рамазанұлы, Төлепберген Манашұлы, Әділбек Қазиоллаұлы, Рахымжан Құрманжанұлы, Ержан Ерболатұлына (М.Бегалиева атындағы орта мектеп) аудандық білім бөлімі басшысының Алғыс хаты мен сыйлығы табысталды.

Жәңгір хан атындағы білім ұясы (директоры О.Түсіпқалиев) «Білім сапасын арттырудағы көшбасшылық танытқан мектеп», М.Мәметова атындағы орта мектеп (директоры А.Аманғалиев) «2016-2017 оқу жылы ішінде тәрбие үрдісінде көшбасшылық танытқан мектеп», Үштерек бастауыш мектебінің (меңгерушісі А.Айдыралиева) шағын орталығы «Мектепке дейінгі білім мен тәрбие берудегі шығармашыл ұйым», аудандық мектептен тыс тәрбие орталығы (директоры Ш.Ишанғалиева) «Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі ең үздік қосымша білім беру ұйымы» аталымдарын иемденіп, әрқайсысы бір-бір принтерге қол жеткізді.

Каримолла ҒАЙСИН.