Шынайы ұстаз бейнесі

«Білім мен тәрбие құсқа қос қанат қалай керек болса, адамға да солай керек. Оны беретін кім? Әрине, ұстаз, мұғалім!». Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев ұстазға осылай баға беріпті.

 

Иә, өміріңнің әр сатысындағы жетістіктерің мен жеңілістерің де қасыңнан табылатын ата-анаңдай, мұғалімдер де қуанышыңды бөлісіп, қиналғанда демеу болады, білім береді, жол нұсқайды. Сондай жандардың бірі – Шолпан Меңдіғалиева.

Облысымыздың Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүние есігін ашқан Шолпан сонда мектеп бітіріп, 1996 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Еңбек және бизнес» мамандығы бойынша білім алады. Оқу орнын 2000 жылы тамамдаған ол араға бір жыл салып, осы білім ошағының «Физика және информатика» бөлімінде оқуын сырттай жалғастырады. «Неліктен мұндай күрт өзгеріс орын алды?» деген сауалымызға кейіпкеріміз: «Алғашқысы өмірімізге ене бастаған нарық заманына бейімделу, жастарға тән жаңалыққа ұмтылу болса, соңғысы пәнге деген қызығушылық әрі ой елегінен өткізілген нақты шешім болды»,-деп жауап берді.

Еңбек жолын Орал қаласындағы №12 орта мектепте бастаған кейіпкеріміз 2013 жылы Саралжын ауылындағы Рамазановтар әулетіне келін болып түсіп, содан бері Қ.Сағырбаев атындағы орта мектепте қызметте. «Физика пәнінен деңгейлік есептер шығару технологиясын пайдалану» тақырыбында тереңдетіп жұмыстанып жүрген Шолпан шәкірттерінің осы пәнге деген талпынысын арттыру мақсатында  талмай ізденуде. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, Бекарыс Ерес, Жалғас Еркінұлы, Аяна Маратқызы, Сымбат Абзалқызы сынды оқушылары республикалық, облыстық, аудандық олимпиадаларда жүлдегерлер атанса, 8-сыныптан қанатының астына алған биылғы түлегі Аида Хасанғали (суретте) ұстазының жолын қуып, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің физика факультетіне мемлекеттік грант бойынша оқуға түсті.

Шолпан Сәрсенбайқызының жеке жетістіктері де жетерлік. Физика пәні мұғалімдері арасында оздырылатын «Үздік панорамалық сабақтар» қалалық байқауында «Шығармашыл ұстаз» номинациясын иеленсе, әр жылдары қалалық, облыстық дәрежеде физиктердің «Квант» байқауында І, ІІ орындарды иемденіп жүр. Биыл ол аталмыш доданың «Үздік физик-эрудиті» атанды. Сонымен қатар, «Қазақстан ұстаздары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен физиктердің республикалық олимпиадасында І дәрежелі дипломмен марапатталды, әрі КИО қашықтық олимпиадасында шәкірттерінің жүлделі орындардан көрінуінің арқасында осынау білім сынағының ұйымдастырушы алқасы сертификатына соңғы екі жыл қатарынан қол жеткізуде. «Атмосфералық қысым», «Архимед күші» (7-сынып), «Энергия. Энергияның сақталуы және бір түрден екіншіге айналу заңы» (9-сынып), «Менделеев-Клапейрон теңдеуінде есептер шығару» (10-сынып) тақырыбындағы ашық сабақтары әріптестері тарапынан жоғары бағаға ие болса, «10-11-сыныптарға арналған зертханалық жұмыс дәптері» әдістемелік, «Физика және қоршаған орта» факультатив жоспарының жинақтары қала көлемінде таратылған. Оның ашық сабақтары www.PHYSIC.kz республикалық әдістемелік порталында,  SABAQ.kz ұстаздарға арналған танымдық-әдістемелік сайтында, «Физика және астрономия» республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналында да жарияланған.

Талапшыл мұғалімнің ұстанымын өз сөзімен жеткізсек: «Әр баланың бойындағы қабілетті ашу, дамыту, рухани әлемін байыту арқылы өзінің маман ретіндегі маңыздылығын сезіндіру».

Иә, шынайы ұстаз бейнесін қалыптастырған Шолпандай жандардың қатары көбейе бергей!

Раушан БАҚЫТОВА.