Білім сапасын жаңартудың амалдары

Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп-бөбекжай кешенінде «Үздік педагогикалық тәжірибені зерделеу, жинақтау және тарату білім беру үрдісіндегі білім мазмұнын жаңартуды әдістемелік қамтамасыз ету ретінде» тақырыбында әдістемелік қызмет саласының шығармашылық шеберханасы лекция жұмысына мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, қосымша білім беру педагогтары,  дефектолог, логопед, кітапханашылар қатысты.  Аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі З.Мұхтар қатаң есептегі құжаттармен, ал, әдіскер У.Нұрғалиев 2017-2018 оқу жылындағы пәндерді оқыту ерекшеліктерімен таныстырды. Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары В.Таңатова «Жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асырудың басты басымдықтарының бірі-критериалды бағалау» шеберлік  сыныбын ұйымдастырса, оның жәнекешевтік әріптесі Р.Ашығалиева  «Түзете дамыта оқыту сыныбындағы оқытуды ұйымдастыру», жәңгірхандық Т.Ермекова «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау», бисендік логопеді  И.Абдолова «Мектептерде логопедиялық пункттің жұмысын ұйымдастыру», ППТК мұғалімі Д.Китешова  «Даун синдромы бар балаларға оқу барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер»  тақырыптарында баяндамасын оқыса, ППТК логопеді А.С.Бисембаева «Тіл кемістігі бар балалардың ата-анасын түзеу жұмыстарына қатыстыру», дефектолог Ұ.Хасенова «Психикалық дамуы тежелген балалардың танымдық қабілеттерін дамытатын дидактикалық ойындар түрлері» шеберлік сыныбын оздырды. Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің қосымша білім беру педагогы Н.Сұлтанова  «Тәуелсіз елдің білімді ұрпақтары» білімділік сайысын  өткізіп, бірінші бөлімді қорытындылады.

Секцияның екінші бөлімі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы негізінде оқушыларды патриоттық, азаматтық, толеранттылық пен көшбасшылық қасиеттерге тәрбиелеу тақырыбына арналды. Оған әдіскер Н.Нарболова жетекшілік етті. Ол жиналғандарды 2017-2018 оқу жылындағы пәндердің оқыту ерекшеліктерін нұсқаулық хатпен таныстырды. А.Құсайынов атындағы ЖОББМ тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ғұмаров «Сабақ арасындағы үзілісті тиімді ұйымдастыру»,  мәметовалық  педагог-ұйымдастырушысы Т.Темірболатова  «Значение и роль игры в работе педагога-организатора», Б.Жәнекешов атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасыры  Е.Насыров «Діни экстремизмнің алдын алу», жәңгірхандық психолог Н.Ізтұрғанова «5-сынып оқушыларының білім негіздерін меңгеруге бейімделуі», М-С.Бабажанов атындағы орта мектебінің 7-сынып жетекшісі С.Абдирова «Патриоттық тәрбие-рухани жаңарудың алғашқы баспалдағы» тақырыптарында баяндамалар оқыды. Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің директорының м.у.а М.Мұхамжарова «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында тәрбие жүйесін жаңаша басқару тәсілдері» атты шеберлік сыныбын ұйымдастырып, жиналғандар жаңаша білім беру жөніндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру туралы өз ойларын ортаға салды. Бір сөзбен айтқанда секция жұмысында «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтары кеңінен талқыланды.

Найля КАМАЛҚЫЗЫ.