22.08.2017, 17:22
Қараулар: 468
Көршілер ауласы көрер көзді сүйсінтеді

Көршілер ауласы көрер көзді сүйсінтеді

а-552--1

Сайқынның теріскей бетіндегі жаңадан салынған үйлерге әртүрлі сала өкілдері, қарапайым еңбек адамдары мен көпбалалы аналар қоныс тепкен. Солардың қатарында ауласына бау-бақша егіп отырған Төлеген Жұмағалиев те бар. Жаңа қонысқа келгендеріне үш жыл болыпты. Иман жүзді Төлеген аға нағыз еңбектің адамы. Үй алдында жайқалып өсіп тұрған гүлдер көз сүйсінтсе, бақшадағы қияр, қызанақ, картоп, асқабақ, қырыққабат, қауын, болгар бұрышы, аскөк, сәбіз, т.б. өнімдер епті қолдың табын аңғартады. Көрерге көз сүйсінеді. Мақтаншақ терекпен қоса, алмұрт, шие сынды жеміс ағаштары да бой көтеріп, түйін салған.

Төлеген ағаның өзі Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданында дүниеге келіпті. Калачевский ауданынан орта мектепті бітірген. Бала кезінен әдемілікке жаны жақын бағбан суретші болуды армандаған көрінеді. Бір кездері бейнелеу өнері бойынша институтқа түскенімен, түрлі себептермен оны аяқтай алмапты. Кейін Дубовк зооветеринарлық техникумын тамамдағанмен, негізінен байланыс саласында электр жабдықтарының шебері болып қызмет етіпті.

– Бұрын бау-бақша салып көрмеген едім. Әйтеуір, осы іспен айналысатын ауыл адамдарынан сұрап жүріп, Жер-Ана төсінен өнім алуға талпындым. Алдымен, сазды жердің бір қабатын алып тастап, қара топырақ төседім. Сонан соң «Ұңғысын» елді мекеніндегі мал ұстаған орыннан көң әкеліп қостым. Бәрін сақадай сай қылып әзірлеп,  көкөніс дақылдарын ектім. Қазір ауа райы ыстық болуы себепті, бақшаны ала таңнан суарамын. Тамырлары құрғап кетпеуі үшін кеште тағы құямын. Енді Алла амандығын берсе, алма, альча отырғызғым келеді. Жалпы, тыңайтқышы жақсы, суы мол болса, төккен терің еш кетпейді,-дейді бағбан қария.

Ең бастысы, Төлеген аға Алланың берген денсаулығы арқасында ұлы Ербол, келіні Ақгүл, жиені Мәдимен бірге бау-бақша өсіріп, одан өзі керемет ләззат алуда. Ал, аулада самал желмен тербеліп тұрған тал-теректер еңбекқор ағайдың бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар бергендей.

Осынау Жұмағалиевтер әулетімен іргелес тұратын жас отау иелері Тоғжан, Туғанбек Біләловтердің қоныс тойын тойлағандарына да екі-үш жылдың жүзі өтіпті. Олар да қол қусырып жатпай, аулаға көкөністермен қоса, алма, алмұрт, шие, өрік (абрикос) ағаштарын отырғызыпты. Қытай тұқымды қиярлары да шиырыла өсіп, күнара дастарханнан табылуда. Әлі де бақшаларын көкөніс дақылдарына толтыруды болашақ еншісіне қалдырып отырған бұл отбасы «айналаның бәрі әсем кейіпке енсе…» деген пікірді жақтайтындар санатынан.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.

Сайқын ауылы.

Суреттерде: Төлеген аға мен көршісі Тоғжан жұмыс үстінде.