22.08.2017, 17:08
Қараулар: 516
Сөз бен істің бірлігі қажет

Сөз бен істің бірлігі қажет

Бір топ бөлім басшыларын ертіп, Т.Масин, Ұялы, Бисен, Мұратсай ауылдық округтерін аралап қайтқан аудан әкімі Н.С.Рахымжанов әр ауылдағы ардагерлер кеңесі мүшелерімен де кездесу өткізді.

Өмірден көрген-түйгені, жинаған тәжірибелері мол ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерді алдымен ауданның қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырған Нұрлан Сағынтайұлы оларды жастар тәрбиесі, еңбекке баулу, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуы, ауыл мәдениеті, тазалығы,  болашағы хақындағы  келелі әңгімеге тартып, ой бөлісуге шақырды.

Кездесулерде масиндіктер Әміржан Қатаев, Света Базарбаева, ұялылықтар Балзия Қабделова, Оразай Сәрсенғалиев, Мұқси Бекқалиев, бисендіктер Қуат Нұршалиев, Қуан Есеев, Темірбек Еспосынов, Ибрайым Дүйсеков, мұратсайлықтар  Каспи Жахатов, Мәстура Хабиева, Гүлмайра Омаровалар сөйлеп, жақсы-жақсы пікірлер айтты. Мысалы, ұзақ жылдар мал бағып, еңбегімен аймаққа танылған Әміржан аға  жастарды ата кәсіпті лайықты жалғастыру үшін тәй-тәй басқаннан қораға ертіп барып, төлмен ойнату керектігін, ал, малдың өсуі үшін жайылыс пен судың келісті болуын сөз ете келіп, биыл шегірткеге қарсы күрестің жылдағыдан сылбыр өріс алғанын мәлімдеді.

– Біздің мекеніміздің ежелгі атауы «Көктөбе-Бөрлі»,-деді ол. – Кеңес дәуірінде «Көктөбесі» түсіп қалып, Бөрлі ауылдық кеңесі болдық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында керісінше, «Бөрлісі» түсіп, Көктөбе ауылдық округі атандық. Соңғы жылдары округіміз Темір Масин есімін иемденіп, ауылымыз Бөрліге тұрақтады. Тұрғындар ауылға «Көктөбе-Бөрлі» атауының толық қайтарылуын сұрайды.

Ал, ұялылықтар «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйге ауыз су кіргізілгенімен, су айдау жүйесінің әлсіздігінен бе, аптап ыстықта малдың судан қақситынын көлденең тартты, имандылықтың өріс алуы үшін әр округте мешіт тұрғызылып, имамдардың сауаты туралы да мәселе көтерілді. Бисендіктер де «Ақбұлақ» бағдарламасымен жеткізілген судың сапасына кінә артты.  Марқұм Хамит аға Айтасов бар кездегідей емес, ардагерлер кеңесі жұмысы саябырсып бара жатқанын мойындап, қоғамдық ұйымдардың беделін көтеру қажеттігін әңгімеледі. Бисендік кәсіпкерлердің тауары өзге округтердегі дүкендерден қымбаттығы сынға алынды. Мұратсайлықтар ауыз су бағасының қымбаттығына шағымданып, су қоймасын толтыру, бөгет үстімен жүретін жолды жөндеу жайын сөз етті. Каспи аға Жахатов өзі қызмет істеген кездегі орденді ұстаздардың есімдерін атап, қазіргі кезде  мұғалімдер еңбегін бағалаудың кемдігіне реніш білдірді.

Сайқындық ақсақалдар да ауданда атқарылып жатқан  істерге талдау жасап, өз пікірлерін ортаға салды. «Әлсін-әлсін басымызды қосып, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырып, ақылдасып отырасыз. Сізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әйтсе де, бір ескеретін нәрсе мына жиындағы қозғалған мәселе жайында келесі жиында есеп берілуі тиіс. Сіздің кей мамандарыңыз, мекеме басшылары көпірме сөзге бейім болғанымен, іс жүзінде көрсете алмай келеді. Сөз бен істің бір жерден шығуы мемқызметкердің беделі»,-деген олар ардагерлер ұйымы, жалпы қоғамдық ұйымдар қандай болу керектігі төңірегінде де ой тастады. Этика, эстетика, талғам мен тәрбие, жастардың жеке басын алып жүруі, тағы басқа нәрселерді де назардан тыс қалдырмады.

– Тәрбиеде ұсақ-түйек деген болмайды,-деді зейнеткер-ұстаз, қазіргі кәсіби емес медиатор Ноқаш Қадымов. – Ауылда шортикпен жүретіндердің көбейгеніне етіміз үйрене бастағандай. Алайда, олардың мәдени орындарға, кеңселерге шортикпен келуі жастарға білмеймін, бізге қораш сияқтанады. Тойға да кешігу тиылмауда.

– Аймекеннің жер асты суы 20 жылға жетеді деп жоспарлаған,-деді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Таңатов. – Оны қос ауданның тұрғындары пайдаланып жатқанына ширек ғасыр болып қалды. Мал да ішеді, көлік те жуылады, бау-бақшаға да құйылады. Бір сөзбен айтқанда, ысырап көп. Балама су көзі – техникалық су мәселесі  аяқсыз қалып қойды. Осыны кешіктірмей қолға алу керек.

– Қосымша су көзін іздеудің еш қажеті жоқ. Мен бұрынғы басқосуларда да айтқанмын, тағы қайталаймын. Кезінде М.Мәметова атындағы совхоздың малына жетіп тұрған «Шанабас» пен «Орда», «Мұратсай» совхоздары қайырын көрген Жәрмеңке ауылының күн шығысындағы құдықтарды қайта қадеге жарату қажет. Яғни, құбыр  тартса болғаны,-деген Елдос Кенжеғалиев әкімге мамандарға талапты күшейтуді, міндетін жөнді атқармағандарды ауыстыруды ұсынды. Әрі ол бір мезгіл қатаң талап қойылып, тиісінше шаралар алынса, кейбіреулер аяғын жинар еді дегенді алға тартты.

Кадрлардың салғырттығы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан су тарту жұмысын жобалаудан да көрініс бергенін ардагерлер жасырмады. Жоба 2014 жылы жасалғандықтан оған соңғы жылдары бой түзеген көшелер енбей қалған шығар, бірақ, биыл 60 жылдығын атап өткен М.Мәметова атындағы шаруашылықтың алғашқы  экономистерінің бірі,  совхоз берген баспанадан табан аудармаған Елдос аға тұратын тұйық көшенің (переулок) жобада болмауын қалай түсінуге болады? Оны сызған кім, сыздырған кім, тексерген кім?..

Қысқасы, ардагерлер туындаған сұрақтың жауабы дер кезінде табылып, олқылықтар уақтылы түзетіліп отырса, ауданымыздың жан-жақты дамитынына, дәулетіміз де, сәулетіміз де жақсарған үстіне жақсара түсетініне шек келтірмейтіндерін білдірді.

Каримолла ҒАЙСИН.