22.08.2017, 15:08
Қараулар: 463
Шекарашылар өткізген игі шара

Шекарашылар өткізген игі шара

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара Қызметінің құрылғанына ширек ғасыр толуына орай «Сайқын» шекара бақылау бөлімшесі мен «Орда» шекара заставасының ұйымдастыруымен орталық алаңда мерекелік шаралар оздырылды.

Алдымен, «Сайқын» шекара бақылау бөлімшесі бастығының орынбасары, капитан Арман Рахымжанов шекарашыларды төл мерекелерімен құттықтап, Отан қорғаудағы шекара шебіндегілер қызметінің маңыздылығын әңгімеледі.

Биылғы кәсіби мерекелерінде олар жылдағы дәстүрден ауытқып, ауылымыздың үлкендеріне емес, кішкентай тұрғындарына «сый-құрмет» көрсетті. Тарқатып айтсақ, аудандық мәдениет үйі алаңқайында секіртпе (батуд) орнатып, бүлдіршіндер онда тегін ойнаса, балғындар салған сурет патриоттық тақырыпқа арналды. «Берсең, балаға бер» демекші, бұл күнгі  шараға қатысушыларға балмұздақ та таратылды. Ұл-қыздар қуанышында тіптен шек жоқ.

Сондай-ақ, орталық спорт алаңында жастар арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. «Орда», «Х.Чурин», «Ә.Бөкейханов» көшелерінің командалары өзара бәсекеге түсті. Онда «Орда» көшесі 6 ұпаймен көш бастаса, «Х.Чурин», «Ә.Бөкейханов» командалары тиісінше ІІ, ІІІ орындарды қанжығаларына байлады. Ал, қақпаға төнген доптың жолына тосқауыл болған Ж.Тоқтаров (Ә.Бөкейханов) «Үздік қақпашы», дәлдігімен көзге түскен Н.Машотов (Орда) «Мерген футболшы», Р.Шәкіров (Орда) «Үздік ойыншы», А.Сәрсенбаев (Ә.Бөкейханов) «Үздік шабуылшы», командасын жеңіске жетелеу жолында әдемі ойын өрнегін көрсеткен И.Кәрімов (Орда) «Техникасы мықты ойыншы», өз алаңында қарсыласқа қадам бастырмай, қауіпті сәттерде доптың бетін қайтарған А.Нариман (Х.Чурин) «Үздік қорғаушы» аталымдарын иеленді.

Шара соңында «Сайқын» шекара бақылау бөлімшесінің аға бақылаушысы, аға лейтенант Нұрлыбек Бегалин жеңімпаздарды Мақтау қағаздарымен марапаттап, сыйлықтар табыс етті.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ.

Суретте: шарадан көріністер.