Қамданған қапы қалмайды

в-317--1

Шөбі көптің – малы тоқ болатыны ежелден белгілі. Қыс қамы үшін жазда, шабындықта жатпай-тұрмай жұмыстану қажет. «Жазда – шанаңды, қыста – арбанды сайла» деп шаруа баққан қазақ текке айтпаған. Жылда осы уақытта «Күйшілер» саябағының құбыла бетінде саттыққа әкелінген шөбін айқастыра тиеген тіркемелі трактор, автомашиналар жиі көзге түсуші еді. Биыл олардың қарасын көре алмай далмыз. Бірен-сараны өнімдерін таныс-тамырына тікелей апарып, орталыққа шығаруға үлгере алмай жатқан сыңайлы. Оның үстіне жағалай шарпыған дала өрті де аяқтан шалуда.

Аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысы Сүйінбек Хайроллинмен әңгіме барысында аңғарғанымыз, қайсыбір округтерде науқан барысы туралы ақпар жинауға жете мән берілмейді екен. Біз барғанда оның алдында Ұялы, Т.Масин, Мұратсай, Орда ауылдық округ әкімдіктерінен түскен мәліметтер ғана жатты.

– Биылғы жоспарымыз 140,9 мың тонна болса, өткен жылдардан қалған 4-5 мың тонна шөбіміз және бар. Жылда науқанға ауданымызда 2 ЖШС-і, 300-дің үстінде шаруа қожалығы, 100-дің үстінде жеке тұрғын қатысып, қажетті мал азығын толық дайындап алып жүрміз,-деген Сүйінбек Жексенбайұлы жерлестеріміздің сол дағдыдан жаза қоймағандарын, сондықтан қолындағы бәз бір цифрларға көңілі толмайтынын жеткізді. Әрі ол «ауылдарды аралағанда көріп жүрміз, пішеншілер қимылы бұрынғысынша. Ал, мәліметке қарасаң, кей округтің мамандары орталықтың маңындағы пішеншілерді ғана көретін сияқты. Ауданның жағдайын сайқындықтармен өлшеуге келмейді емес пе?»,-деді.

Рас, Сайқында саттыққа шөп шығарылмады деп, науқанға бір жақты баға беруге болмайды ғой. Жұмыс қалыпты жүріп жатқанына талас жоқ. Әйтсе де, есептің нақты, істің қарқынды болғаны жақсы. Әйтпесе, қазіргі бағытпен Бисен ауылдық округі 27,6, Ұялы 14,4, Т.Масин 26, Мұратсай 6,3, Орда 38,3, Сайқын 14,7, Саралжын 13,6 мың тонна жоспарлаған мал азығын дайындауды қырау түскенше жүргізуі мүмкін.

                                                                                                                                  Дәулет ӘЛИЕВ.