25.07.2017, 11:39
Қараулар: 45
Шегірткелер шеруі шілдеде де саябырсымай тұр

Шегірткелер шеруі шілдеде де саябырсымай тұр

в-315-1

Иә, біздің бүгінгі әңгімеміз шырылдамайтын шегіртке, яғни, өсімдіктің   қас жауы – италияндық прус туралы болмақ. Оның біздің өңірімізде пайда болуы сонау кеңес дәуірінен басталады. Түп төркінін індетіп,  ғылыми  сипаттама беруді мақсат тұтпағандықтан, біз осы өсімдік зиянкесімен күрестің ауданымызда қалай ұйымдастырылып  жатқанынан хабардар етпекпіз.

Аудандық аумақтық инспекция (ААИ) мен республикалық фитосанитарлық диогностика және болжамдар әдістемелік орталығының (РФД және БӘО) аудандық филиалы мамандары бірлесіп, жыл сайын италияндық прус шегірткелерінің дернәсіліне мониторингтік бақылау және оған қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастырады. Биылғы  бақылау жүргізілген 350 мың гектар жердің 198,6 мың гектарынан дернәсілдердің қоныстағаны анықталып, экономикалық зиянды шегінен асқан аймақ 111,085 мың гектарды құрады. Дернәсілдердің бастапқы жандануы 10 мамырда байқалса,  жаппай жандануы 22-29 мамырға дейін созылды. Тіпті, ауа райының жаңбырлы, салқын болуы салдарынан шығар, олардың даму сатысы шілде айына да жетті. Химиялық өндеу жұмыстарын  «Запказфумигация» ЖШС-і жасады. 27 мамырдан 27 маусымға дейін еңбектенген олардың 4 автоқондырғысына әр округтен  шығарылған анықтаушылар бағыт-бағдар берді. Сөйтіп, Бисен ауылдық округінде 15 мың (анықтаушы Айтмағанбет Садыров), Т. Масинде 32 мың (Есболат Хамзин), Ордада 36,085 мың (Сақтар Ғабдошев), Ұялыда 25,3 мың ( Бекжан Ғаббасов), Мұратсайда 2,7 мың гектар жер өңделді. Желдің күштілігі мен жаңбыр науқан барысына кері әсер ететіндіктен, жұмыс көбіне жел жылдамдығы 5-6 метр секундтан,  ауа температурасы 24°С аспаған жағдайда жүргізілді. Соның өзінде шегіртке миграциясы құмнан  қырға – Сайқын, Мұратсай ауылдық округтеріне қарасты елді мекендердің кейбіреуіне жетіп қалды. Дернәсілдермен салыстырғанда ересек шегірткелердің жайылым мен шабындыққа келтірер зияны төмен. Олар бір жерде тұрақтамайды, сонымен қатар  шағылысу және тұқым салу кезеңінде қоректенуін азайтады. Тұқым салғаннан кейінгі 4-5 күн аралығында табиғи түрде жойыла бастайды.

Қыр өңірі құмға  қарағанда италияндық прус шегірткелерінің өсіп-өнуіне қолайсыз. Тастаған тұқымдары қатты топыраққа сіңе қоймайды.  «Сақтықта қорлық жоқ» деген, келер 2018  жылғы химиялық өндеу жұмыстарына қыр өңірлерін де кіргізуді жоспарлап отырмыз.

 

Мырзабай НҰРҒАЛИЕВ,

аудандық ААИ бас маманы – өсімдік қорғау  

жөніндегі мемлекетік инспектор.

Миллат ҮМБЕТАЛИЕВ,

РФД және БӘО аудандық филиалының маманы.