25.07.2017, 11:27
Қараулар: 42
Ауылдың ақжарма адамдары-ай!..

Ауылдың ақжарма адамдары-ай!..

в-305-2

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын стратегиялық мақаласында Елбасымыз әр қазақтың шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекенін жүрегінің түбінде әлдилеп, шексіз сүюін ұлттық мәдени-генетикалық кодымыздың негізіне балапты. «Ауылым» әнінде айтылатын «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деген жолдардың мағынасы өте терең екенін келтіріпті. Жергілікті билікке «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен, жүйелілікпен қолға алуды ұсыныпты. Нұрсұлтан Әбішұлының осы тапсырмасының ықпалы ма, әлде өз бастамалары ма, әйтеуір, аудандық аурухана директоры Әділгерей ініміз аудан әкімдігімен келісіп, Бисен ауылында жұртшылықпен кездесуге шақырды.

 

Жәнібек пен Орда ежелден аралас-құралас келе жатқан жұрт, еншісі бөлінбеген десе де болады. Кіндігім Күйгенкөлде кесілгенімен медициналық қызметімді Орда ауылында бастап, кейін Бисенде жалғастырғанмын. Мен фельдшер, зайыбым Жаңылсын акушер ретінде тұрғындарға барымызша адал қызмет еттік. Абыройсыз болған жоқпыз. Соның да нәтижесі шығар, бөкейліктер тайлы-таяғы қалмай құрметтеп, мәртебемізді асқақтатты. Бір өкініштісі, көнекөздер азайып қалған екен. Дегенмен, тоқсанда да тың жүрген Хисмет аға Мөкешевті көріп, сахнада тебірене сөйлегенде, біз де еріксіз толқыдық. Сондай-ақ, әрі әріптес, әрі құрдас Қуан Есеев пен ордалық Майдан Батыровтың да естеліктері көңілімізді бір көтеріп тастады. Жылы лебіз білдіріп, тарту-таралғыларын ұсынып жатқан аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, Бисен, Орда ауылдық округтері әкімдері Сапар Саматов, Медет Сейсенов, Бөкей ордасы музейлік кешені директоры Ғайса Махимов, тағы басқаларға да ризашылығымыз шексіз.

Бисен ауылы адам танығысыздай өзгерген екен. Біз тұрған кездегі «С-100» тракторының маторы қойылған электр станциясын мемлекеттік электр желісі алмастырған. Әр үйге көгілдір отын, ауыз су кіргізілген. Орта мектеп пен балалар бақшасының еңселі ғимараттары сонадайдан көз тартады. Дәрігерлік амбулатория да тап-тұйнақтай, әп-әсем. Бәрін көріп, көңіліміз толып, ауыл адамдарының ілтипатына бөленіп, марқайған үстіне марқая түстік.

Қазақ үшін ауылдың орны бөлек қой. Әсіресе, адамдарын айтсайшы. Пейілдері даланың дархандығындай ғой. Ұрпақтардың ұлттық дәстүрді лайықты жалғастырып келе жатқанына қуандық. Ауылға аяқ басқан сәтте сыныптас досымыз Қамария (жұбайы Төлепқали дүниеден өтіпті) қош келдің айтып, үйіне шақырғанда, отбасы, ұл-келіні қалай қарар екен деп кібіртіктегенбіз. Жоқ, Абай мен Гүлнар да ақжарқындықпен іші-бауырымызға кіріп, жиналғандарға дастархан жайып, қонақ етті. Абай да, осы ауылдағы кіндік балаларымыз Асылхан мен Биболат та жарық дүние есігін ашқанда алақанына салып, қабылдап алған акушер жұбайым Жаңылсынға ат мінгізді.

«Ішкен-жеген иман болмайды» дейді аталарымыз. Құдайға шүкір, қазір тұрмыс жақсы. Біз де Орал қаласында жұрт қатарлы өмір кешудеміз. Тілейтініміз: тыныштық, ел амандығы. Бөкей ордасына сапарымыз өмірдің мәнін, тірлігіміздің сәнін аша түсті. Осы сапарымыз хақындағы хабарға аудандық басылым тұтас бет арнап, суреттерді түрлі-түсті етіп шығарғанын естігенде төбеміз тіптен көкке жетті. Туған жердің қадірін бұрынғыдан да тереңірек сезіндік. Сол үшін де жоғарыда есімдері келтірілген жандарға, ордалықтар мен бисендіктердің, жалпы бөкейліктердің баршасына алғысымызды айтамыз. Осындай сара жолды таңдап, Қазақстанды Мәңгілікке бастап келе жатқан Елбасы мен елді Ұлттық жоспарды жүзеге асыруға жұмылдырып жатқан облыс, аудан, ауыл әкімдеріне рақмет! Бұл Ұлы іске бәріміз де үлес қосайық, жерлестер!

Қозыкеш ОМАРОВ,

КСРО және Қазақстан Республикасы

денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Орал қаласы.

Орал шаһарынан хат

Басқа да мақалалар