25.07.2017, 11:23
Қараулар: 18
Әжелер клубының жетістігі

Әжелер клубының жетістігі

в-297

Қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанған кешегі аналардың жолын жалғастыру ниетімен 2010 жылы Шакира Ишанғалиеваның жетекшілігімен «Ару-Ана» әжелер клубын құрдық. Сол уақыттан бастап халық әндерін орындап қана қоймай, кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, әртүрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, ат қою, бесікке салу, тұсау кесу, неке қию секілді қазақы рәсімдерді өткізіп келеміз. Жақында ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына орай Жаңақала аудандық мәдениет үйінде «Қайран біздің, әжелер, арды ойлаған» атты байқау өтті. Сол сында біздің «Ару-Ана» мен ханордалық «Нарын» әжелер ансамблі бірігіп, аудан намысын қорғағанбыз. Нәтижесінде аймақтық сайыста І, облыстық кезеңде ІІ орынға ие болдық.

Әрине, әжелерді құрметтеп, бізге басшылық етіп, жақсы көзқараспен басы-қасымызда болып қайтқан аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваға, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиевке, аудандық демалыс орталығының директоры Миллат Насыров пен Жоламан Сейсенғалиевтерге алғысымыз шексіз. Кешегі Астана күні мейрамында аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың да Марапатына ие болдық. Ұлттық мәдениетімізді дамыту, жас буынға тәлім-тәрбие беріп, ұмытыла бастаған салт-дәстүрімізді жаңғыртуда әжелер клубының жетістіктері баршылық. Алдағы уақытта да бағытымыздан жаңылмай, жастарға үлгі бола бермекпіз.

Мария ҚОШТАНОВА,

әжелер клубының мүшесі.

Жәрмеңке ауылы.

Сайқын ауылдық округі.