Шеберліктерін шыңдауда

Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының 2017 жылғы 21 маусымдағы №536 бұйрығына сай Шыңғырлау ауданында оқушылар арасында «Күміс шабақ – 2017» жарысы оздырылды.

 

Велосипед туризмін, веложорыққа қатысушылардың туристік шеберліктерін жетілдіру, веложорық қауіпсіздігін арттыру әрі салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл облыстық жарысқа аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының командасы орталықтың дене шынықтыру нұсқаушысы Айсара Тәженованың жетекшілігімен қатысып, жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Велосипед туризмі техникасынан «Супервел» қашықтығы бойынша ұлдар арасында Сержан Қадаев және қыздар арасында Жанна Ғазезова жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, Жанна «Триал» қашықтығында ІІІ орынға табан тіреді. Жүлдегерлер  облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының (директоры В.П.Фомин) Дипломымен, ал, жалпы команда облыстық білім басқармасының Дипломымен марапатталды. Айта кетелік, қазір команда Шыңғырлаудан Оралға дейінгі І категориялы 250 километрлі жорыққа қатысуда. Айсара Тілекқабылқызы бастаған командаға бұл жарыста да сәттілік тілейміз.

Сәрсенбай ҚУАНШАЛИЕВ,

АБЖТжЭО-ы  директорының орынбасары.