Алимент пен айыппұл өндіру жәйі нешік?

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық прокуратураның бастамасымен оздырылған ведомствоаралық кеңес отырысын аудан прокуроры Нартай Байменовтың өзі ашып, жүргізіп отырды. Оған аудан әкімінің орынбасары, аудан бойынша мемлекет пайдасына берешегі бар тұлғалардан берешекті өндіру жөніндегі ведомствоаралық өндіріс тобының төрайымы Лариса Қайырғалиева, комиссия мүшелері, мекеме басшылары, ауыл әкімдері және медиаторлар қатысты.

Аталмыш отырыста негізінен екі мәселе қаралды. Алғашқысы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «Алиментті төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасының іске асуы болса, екіншісі мемлекеттік кірістерді, яғни, айыппұлдарды өндіру. Алдымен, қатысушылар осы тақырыптар бойынша аудандық прокуратураның прокуроры Нұрат Саматовтың, аумақтық мемлекеттік сот орындаушы Назгүл Шәріпованың, аудан әкімі аппаратының бас маманы Нұрфат Бисекеновтің, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мәдина Тұяқова мен аудандық прокуратураның аға прокуроры Руслан Шәкіржановтың деректерге негізделген баяндамаларын тыңдады. Жиында аудандық прокуратураның тынымсыз еңбегі арқасында уақтылы төленбегеннің салдарынан қомақты соманы құраған алименттерді өтеу үшін малмен есептесу жолға қойылғандығы, тиісті комиссияның жүргізген рейд барысындағы түсінік жұмыстары нәтижесінде борышкерлер сомасы 5 миллион теңгеге азайғандығы сөз болды. Осы ретте медиаторлардың көмегімен бұрынғы ерлі-зайыптыларды өзара келістіру жайы, балаларына қажетті соманы төлеуден жалтарып жүрген 12 азаматқа сот орындаушысымен қылмыстық хаттамалар толтырылып, аудандық ішкі істер бөліміне жолданғаны, алайда, түрлі себептермен ол қысқартылғаны да айтылды.

Өндіріс тобы төрайымы Лариса Тельманқызы күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойын ортаға салып, біркелкі жұмыстар атқарылғандығын алға тартса, Бисен ауылдық округінің әкімі Қайырсапа Саматов жоғалып кеткеніне жиырма жылға жуықтап қалған жерлесінің борышкерлер тізімінде жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Аудандық соттың судьясы Марат Шынғалиев борышкерлердің берешегін азайту бағытында ұсынылып жатқан пікірлердің заңдылығына да көңіл бөлу керектігін ескертті.

Баяндамашылардың деректеріне сүйенсек, айыппұлдарды өндіру ісі негізінен азаматтардың өз еркімен жүзеге асып жатқан көрінеді. Мәселен, үстіміздегі алты айда аудандық ішкі істер бөлімімен 574 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 3036610 теңге айыппұл салынса, бүгінгі таңда оның 2109502 теңгесі (69,5 пайызы) өндірілген.

Отырысты қорытындылаған Нартай Елібайұлы ауданымызда алимент өндіру ісі әлі де кемшіндігін тілге тиек етіп (жыл басында өндірісте болған 77 істің тек 29 қалыпты), алда да бірлесе жұмыстануға шақырды.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.