Бизнес – батылдардың ісі

Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Қайыршин және осы палатаның әкімшілік бөлімі басшысы Аманғали Залиевпен аудан әкімдігінің мәжіліс залында оздырылған кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, кәсіпкерлік палатаның аудандық филиалы жанындағы өңірлік кеңес, іскер әйелдер кеңесі мүшелері, шаруа қожалығы жетекшілері, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері мүшелері қатысты.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ашып, өңірімізде тіркелген 985 шағын кәсіпкерлік субъектінің аяқалыстарымен қысқаша таныстырса, кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова ауданымыздағы кәсіпкерліктің жай-күйін толығынан баяндады. Мал сою цехының жоқтығын, сырға мәселесінің де толық шешіле қоймағандығын құлаққағыс жасады.

Мінбеге көтерілген облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы ағымдағы жылғы кәсіпкерлердің дәстүрлі съезінде тауар өндірушілердің жағдайын жеңілдету жайы сөз болғанын тілге тиек етіп, бизнестің облыстағы даму қарқынына тоқталды. Оның айтуынша, биыл ғана өз жұмысын бастаған «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы бойынша екі күндік қысқа курспен әзірге тек бес аудан (ішінде Бөкей ордасы да бар) қамтылыпты.

Нұрлан Серікұлы кәсіпкерлерді сұрақ қойып, ой бөлісуге шақырғанымен ешкім суырылып алға шықпады. Тек аудандық кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Ерлан Нүркенов қана кепілдік несие, агроөнеркәсіптік кешен тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер төңірегіндегі кейбір түсініксіз жайттарды қозғады.

Кездесу соңында Н.Қайыршин екі күндік қысқа курстың тыңдаушыларына сертификат табыстады. Сертификат алғандар арасынан сайқындықтар Ертарғын Самиғоллин мен Нәсіп Нүркенова кәсіпкерлікті жүргізудің қыр-сырын ұғындырып, бұл саладағы сауаттарын ашқан бизнес-жаттықтырушы Зүлфия Халиловаға шын көңілден алғыс айтты.

Жалпы, бизнеске бет бұруға ең алдымен батылдық керек. Біздің жерлестерімізде осы жағы жетіспей жатқан сияқты.

Дәулет ӘЛИЕВ.