Мұны әркім білгені жөн

Көпшілік адамдар халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан асыл дәстүрлерін білсе де, оларды күнделікті өмірде мүлдем қолданбайды. Сондықтан да біз қолданыстан шығып бара жатқан кейбір дәстүрлерімізді қайыра еске салуды жөн көрдік.

Ерулік. Жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі.  Олардың тосырқамай, өздеріне тез үйреніп кетуі үшін жасалатын ырым. Ерулік көршілердің арасын жақындастырады. Шақырушы тарап қонақтарды жылқы етінің ең сүбелі болып есептелетін қазы-қарта, жал-жаясын, сондай-ақ, қой етін беріп сыйлайды.

Ат тергеу. Қазақ дәстүрі бойынша әйелдер күйеуінің туыстарының атын атамаған. Бұл сыйластықтықтың көрінісі. Қазақ әйелі күйеуінің аға және әпкелеріне, ет-жақын туыстарына көпшілік жағдайда «Мырза қайнаға», «Бай атам», «Би аға», «Тентегім», «Еркежан», «Шебер шешей», «Ақ әже», «Сырғалым», «Шашбаулым» деген сияқты есімдер қойған.

Құрсақ той, құрсақ шашу. Өзінің келінінің аяғы ауыр екендігін білген ене достарын, туыстарын, көрші-қолаңдарын шақырып, мол дастархан жаю дәстүрі. Бұл шараның мақсаты жүкті болған келіннің көңілін аулау. Үлкендер жағы болашақ анаға баталарын берсе, құрбылары, жеңгелері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.

Жарыс қазан. Аяғы ауыр әйелдің қиналмай босануы үшін жасалатын ырым. Ырымға сәйкес оның ет-жақын туыстары, көпшілігі әйелдер қонақтарға арнап ет асулары керек. Қазанға салынған ет піскенше әйел де босанады деген сенім қалыптасқан.

Сүйек жаңғырту. Бұл құдалықты жалғастыру, яғни, бір құда тағы да бір рет құдаласу дәстүрі. Ол қыз бен жігіттің келісімі бойынша жүргізіледі.

Селт еткізер. Қандай да бір салтанатты шара алдында қыз өзі ұнатқан жігітке «Ұйқыашар» тағамын береді. Мұның қайтарымы ретінде жігіттер жағы қыздарға айна, тарақ пен әшекей бұйымдар сыйлайды.

Абысын асы. Бұрынғы кезде қазақ келіндері ерлерінің рұқсатынсыз көңіл көтермеген. Ерлері тойға, айтқа кеткен кезде ауылда тек әйелдер ғана қалған. Осы уақытта олар дәмді еттерін асып, самауырынға шәйлерін қойып, бастарын бір жерге қосып, әзіл-әңгімелерін жарастырған. Бұл қазақ әйелдерінің береке-бірлігін, татулығын арттырған. Абысын асы – әйелдердің татулықта өмір сүруіне тәрбиелейді.

Асату. Көпшілік аузы дуалы, елге сыйлы ақсақалдар өз қолымен табақтың түбінде қалған асты өзінің балаларына берген. Бұрынғы кезде балалар қонақ шақырған үйді айналшықтап жүрген, өйткені, оларды кез келген уақытта асқа шақырып қалуы мүмкін. Әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларында бұл дәстүрді насихаттаған болатын.

Басылымға әзірлеген Раушан АППАҚОВА.