Бағдарламаның бағыты айқын

Қол қусырып, жеңін түріп кірісер жұмыс таппай жүрген жандарға көмек қолын созып, әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында ауданымызда қолға алынып жатқан бастамалар жоқ емес. Солардың бірі – «Өрлеу». Оның мақсаты отбасын кедейшіліктен шығарудың жолын қарастырып, қаржылай көмек беру. Онда шаңырақ иелерінің әлеуметтік бейімделуі, өмірде кездесетін түрлі ауыртпалықтардан өтуі ойластырылған. Бұл бағдарламада жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға қолғабыс ету, уақытша жұмыстағыларға тұрақты жұмыс ұсыну, оқыту және қайта оқыту, қосымша жеке шаруашылығын кеңейту, асыл тұқымды мал өсіруге, өнімді өткізуге септігін тигізу сынды бағыттары бар. Бүгінде «Өрлеу» бағдарламасы  еліміздің барлық өңірінде қарқынды жүзеге асып келеді.

Ауданымызда аталмыш бағдарламаның игілігін көріп, соның арқасында таршылықтан құтылып, шаруасын түзеп келе жатқан жандар да бар. Жұптасқандарына ұзақ уақыт болмаған Мейрамбек Темешев пен Гүлбаһрам Оразбаеваның жас шаңырағы осы жобаның пайдасын ұғынып, қажетті құжаттарды жинастырғанына ұзақ уақыт болған жоқ. Өткен аптада бұл жәрдемақының бір бөлігіне  қол жеткізді. Енді сол қаржыға Шопан ата төлін алмақ ниетте. Сөйтіп, өз тұрмыстарын жаңа арнаға бұрып, тірлік көшіне ілеспек.

Иә, еңбекқор жастардың алдына мақсат қойып, болашаққа нық қадам басқандары көңілге қуаныш ұялатады. Тек іске сәт дейміз біз оларға.

Айша АСҚАР.

Сайқын ауылы.