14.07.2017, 10:05
Қараулар: 39
Атаудың  ажарлы болған жақсы

Атаудың  ажарлы болған жақсы

Ен даланы еркін жайлаған ата-бабаларымыз жер-су аттарын да тап басып қоя білген. «Жезқазғанды», «Қарағандыны» кен табылмай тұрып солай атаған. «Царицин» (қазіргі Волгоград қаласы) қазақтың «сары су», «Саратов» — «сары тау», ал, Еділдің бір саласы «Ахтуба» — «ақ тұнба» сөзінен шыққан. Сол дәстүріміз кеңестік кезеңде тоқырауға ұшырап, салғырттыққа бой алдыртқанымыз рас. «Барханный», «Тойханныйлар» соның салдары. Егемендік алып, есімізді жиғаннан кейін, елді мекен атауларына да мән беріп, кемшіліктерді түзете бастадық. Қазақстан Республикасы Үіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен елді мекендер мен көшелерге атау берудің қағидасы бекітіліп, атаулардың транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аймақ халқының пікірін ескеру әкімшілік аумақтық бірліктерге тапсырылды.

Аудан орталығындағы «Подстанция» көшесін ұлттық ұғымға сай өзгертпек болған Сайқын ауылдық округі әкімі аппараты тұрғындарға сұрау тастап, пікір білдіруді өтініпті. Жиын (сход) күн тәртібіне екі рет енгізілгенде де бұл турасында ешкім жақ ашпапты. Биыл мәселені талқылау үшін арнайы күн белгілеп «Орда жұлдызына» хабарландыру берсе де, белсенділер табылмапты. Ақыр соңында олар ақсақалдар кеңесіне жүгінуді жөн көреді.

Сайқын ауылдық әкімдігі кеңсесінде оздырылған бұл басқосуға біз де куә болдық. Аппарат қызметкерлері өз алдына, аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары Иманбай Машотов, Марат Қадешев, кәсіби емес медиатор Ноқаш Қадымов, зейнеткерлер Надежда Әменовалармен қатар, аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Бектелеуованы да көзіміз шалды.

Басқосуды ашқан округ әкімі Мейрамбек Аққалиев ұсынылып отырған мәселенің жай-жапсарымен егжей-тегжейлі таныстырып, бұл саладағы заңдық ереже-қағидалардан да құлағдар етті. Үлкендер әр түрлі ой тастады, Марат аға «Ұлы Отан» соғысында даңққа бөленген ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың, Иманбай Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімовтің есімдерін атаса, Ноқаш аға ономастикалық комиссиядан кісі есімдерінің өтуі қиын екенін көлденең тартып, Нарын атауын ұсынды. Дауысқа салғанда соңғы ұсыныс жеңіп шығып, хаттамалық шешім қабылданды. Ол енді аудан әкімдігі мен аудандық мәслихатта талқыланып, ономастикалық комиссияға жолданатын болады.

Атаудың да ажарлы болғаны жақсы.

К.ҒАЙСИН.

Сайқын ауылы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар