Балғындар шаттанған күн

Балаларға бар жағдайды жасауды қолға алған үкіметіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырған емес. Оларға жәрдемақы тағайындалып, үйден білім алуға да жағдай жасалған. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан жақында, нақтырақ айтсақ, Балаларды қорғаудың халықаралық күні жартылай стационарлық жағдайдағы орталықтың есігі айқара ашылды.

Астана күні мерекесі қарсаңында осынау орталықтың табалдырығын аттаған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков пен филиалдың партиялық кадрлық резерв резервисті Эльмира Менеева мұндағы бүлдіршіндерге ойыншықтар мен спорттық құрал-жабдықтар таратты. Мұнда әр жұмыс күні екі аусымда тәрбиеленушілер қабылданып, әрқайсысының ерекшелігіне сай дәріс берілетінін әңгімелеген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанғуат Еркеғалиев орталықтың балаларға да, олардың ата-аналарына да тигізер пайдасы мол екендігін тілге тиек етіп, партия тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдірді. Өз кезегінде әлеуметтік қызметкер Сәуле Қошеметова тағдырлары қиын балаларға қуаныш сыйлаған ел ағаларына алғысын жаудырды.

«Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында оздырылып жатқан осындай қайырымдылық аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті тәрбиеленушілеріне де көрсетілді. Қолдарына сыйлық тиген балалардың жүздері бал-бұл жанғанын көргенде, мұндай шаралар жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойда қалдық.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ