4.07.2017, 9:46
Қараулар: 321
Бозбала мен бойжеткен қияға қанат қақты

Бозбала мен бойжеткен қияға қанат қақты

Студенттік шақ – ол адам өміріндегі ең тәтті кездердің бір бөлігі. Өмірдің қызығы мен бұлтарыс-қалтарысын бастан кешіп, балғын балалықпен қоштасар сәт. Алтын ұядан қанат қағып, сүйікті сыныптастарынан ажыраған бозбала мен бойжеткен өзге ортаға түсіп, жаңа достармен табысады. Ал, оқуды тамамдап, диплом алар шақта ішкі жан дүниеңде мүлде өзгеше толқулар туындайтыны анық.

Аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы колледжінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты оздырылды. Үздіктерді марапаттау (қызыл диплом иегерлерін) үшін сахна төріне шыққан аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев бір-бір мамандық иесі атанған жас өрендерге сәттілік тіледі. Колледж директоры Бағдат Лұқпанов оқу жылының қорытындысына тоқталып, бітірушілерге диплом табыстады. Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Иманбай Машотов талабы таудай шәкірт тәрбиелеп, олардың жақсы маман иесі атануы жолында аянбай тер төгіп жүрген колледж ұстаздарына алғысын білдіріп, жүздерінде күлкі ойнаған жас толқынды алда күтіп тұрған белестерден кідірмей өтіп, ел болашағына елеулі үлес қосуға шақырды.

Кеш соңында колледж өнерпаздары дайындаған жүректі тебірентіп, көңілді толқытқан ән шеруі зал толы көрерменді сүйсінтті.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ.

Колледж өмірінен

Басқа да мақалалар