20.06.2017, 11:30
Қараулар: 504
Үздіктерге құрмет көрсетілді

Үздіктерге құрмет көрсетілді

Үлбіреген үміт, таудай асқақ арман жетелеген мектеп бітірушілер үшін өмірдің жарқын беттері парақталды. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов әкімдіктің кіші мәжіліс залында «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иелерін қабылдады. Бұл басқосуға мектеп директорлары, ата-аналар мен жекелеген мекеме басшылары қатысты.

 

Биылғы жылы аудан мектептерін 150 оқушы тамамдаса, соның бесеуі, атап айтсақ, Жәңгір хан атындағы орта мектептен Гүлжайна Мизамбаева мен Найля Ерболатова, М-С.Бабажанов атындағы білім ұясынан Аяжан Каспи мен Әйгерім Ишанова және сағырбаевтық Аида Хасанғали «Алтын белгі» иегері деп танылса, жәңгірхандық Жанна Темірболатова мен Милана Шәмелова, жексенбаевтық Үкілімай Халықова мен Назерке Жасқайрат, бегалиевалық Темірлан Кенжеғалиев пен Арна Асылбекқызы, мәметовалық Найля Ғабитова және құсайыновтық Ермұрат Ерболатовтар «Үздік аттестат» иесі атанды.

Жас өрендер өмірінің есте қалар қуанышты сәті көп болсын деген лебізін білдірген Нұрлан Сағынтайұлы бүгінгі заманда оқу, білімге мол мүмкіндік барлығын әрі болашаққа қаланар қазық білімде екеніне басты назар аударды. Бұл шырайлы кездесу барысында балаларға жақсы тәлім-тәрбие берген ата-аналар мен мектеп директорларына өңір басшысы А.Көлгінов пен аудан  әкімінің Алғыс хаты да табысталды.

Алабұртқан сезіммен алдағы мақсатқа қол созған жас өскіндерді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанғуат Еркеғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев, аудандық аурухана директорының орынбасары Анарбек Белисанов, Жәңгір хан атындағы орта мектеп директоры Олжас Түсіпқалиевтер құттықтап, сәтті сапар тіледі.

Өз кезегінде «Алтын белгі» иелері де жүрекжарды алғыстарын жеткізіп, жиналғандармен естелік суретке түсті.

Гүлнар ТҰРСЫНТЕГІ.