Сауаттылық салтқа айналса игі

Процестік құқығыңды білесің бе?

Мерзімді басылымдар беттерінде де, аудандық «Орда жұлдызы» газетінде де құқық қорғау органы қызметкерлерінің материалдары жарияланып, азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілуде. Менің әріптестерім «Құқықтарыңыз бұзылған жағдайда міндетті түрде прокуратура органдарына жүгініңіз немесе барлық мемлекеттік ғимараттарда орналасқан прокуратураның сенім телефоны арқылы хабарласыңыз» деп жатады. Қылмыстық қудалау органдарының барлығы бейне-бақылау камераларымен жабдықталған. Сондықтан ол жерлерде де кез келген азамат өз құқығын қорғай алады.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аудандық ішкі істер бөліміне жүргізілген прокуратуралық тексерісте ұялылық екі азаматтың 180 минуттан артық ұстауда отырғаны анықталды. Прокурордың талабымен олар босатылып, бөлім бастығының атына прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді, кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылды. Ал, егер сол күні тексеру жүргізілмесе, әлгі азаматтар абақтыда отыра берер ме еді?! Олар тәртіп сақшыларынан өздерін қанша уақытқа дейін кідірте алатынын да білмейтін сияқты. Сондықтан қылмыстық-процестік Кодекстің талаптары бойынша процеске қатысушылардың, яғни, күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің және куәнің заңмен белгіленген құқықтары туралы түсінік беруді жөн көрдік.

Жәбірленуші

Қылмыстық құқықбұзушылық өзіне тікелей моральдық, тәндік немесе мүлiктiк зиян келтiрдi деп пайымдауға негiзі бар тұлға қылмыстық процесте жәбiрленушi деп танылады. Оған қылмыстық процесте азаматтық талап қою құқығы түсіндіріледі және оның қылмыстық құқықбұзушылықпен келтiрiлген мүлiктiк зиянды өндіріп алуы қамтамасыз етiледi.

Жәбірленуші келтірілген күдік пен тағылған айыптау туралы білуге; ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге; дәлелдемелерді ұсынуға; өтінішхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлімдеуге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; өкілінің болуына; медиация тәртібімен татуласуға; өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге; сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға, одан, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәліметті, әртүрлі көлемде көшіріп алуға; өзіне, өзінің отбасы мүшелеріне қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеуге; қылмыстық процесті жүргізетін органның әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағым келтіруге; соттың үкімі мен қаулысына шағым жасауға және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 71-бабында көзделген құқықтарын пайдануға құқылы.

Сонымен қатар ол қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге, iс бойынша барлық белгiлi мән-жайларды шынайы хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етпеуге; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде, сот отырысы уақытында белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi. Адам қайтыс болған жағдайда оның осы бапта көзделген құқықтарын қайтыс болған адамның жақын туыстары, жұбайы жүзеге асырады.

Куә

Іс үшiн маңызы бар қандай да бір мән-жайды білетін кез келген адам айғақтар беру үшiн куә ретiнде шақырылуы және одан жауап алынуы мүмкiн. Ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет немесе әкiмшiлiк құқықбұзушылық жасағаны үшiн оның өзiн, жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарын қудалауға әкеп соғатын айғақтар беруден бас тартуға; өзiнiң ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақтар беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; өзінен жауап алуға қатысатын аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге; жауап алу хаттамасына айғақтарды өз қолымен жазуға; анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым келтіруге; өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеуге; өз адвокатының қатысуымен айғақ беруге құқылы. Куә анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуге; іс бойынша оқиғанның бәрін шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; егер өзіне бұл туралы анықтаушы, тергеуші немесе прокурор ескерткен болса, іс бойынша өзіне белгілі мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеуге; тергеу әрекеттерін жүргізген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.

Жалған айғақтар берген, айғақтар беруден бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 421-бабына сай, қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Күдікті

Күдікті дегеніміз – қандайда бір қылмыстық құқықбұзушылық әрекетін жасаған адам. Ол ұстап алуды жүзеге асырған адамнан өзіне тиесілі құқықтар туралы түсіндірме алуға; не үшін күдік келтірілгенін білуге; өз бетінше қорғаушы шақыруға не қылмыстық қудалау органы қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге міндетті; қорғаушымен жауап алу басталғанға дейін оңаша және құпия кездесуге; күдікті қорғаушыдан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, қорғаушысы қатысып отырған кезде ғана айғақ беруге; күдікті өзіне қатысты жүргізіліп жатқан қылмыстық ісі бойынша қаулылардың көшірмелерін алуға; айғақ беруден бас тартуға; дәлелдемелер мен өтінішхаттар ұсынуға; ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; өзіне қатысты сотқа дейінгі пробацияны жүргізу үшін пробация қызметіне жүгінуге; медиация тәртібімен жәбірленушімен татуласуға; прокурорға процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге; тергеушінің, анықтаушының, прокурордың және соттың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне және шешімдеріне шағым келтіруге; тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін іс материалдарымен танысуға және одан, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәліметтерді көшіріп алуға, ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, олардың көшірмелерін түсіруге; қылмыстық қудалауды тоқтатуға қарсылық білдіруге құқылы.

Сондай-ақ, күдікті ұстап алынған жағдайда ұстап алу туралы хаттама жасалған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрiлмей, оның өзi таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейiн оңаша және құпия кездесу құқығы қамтамасыз етiле отырып, одан жауап алынуға тиiс. Ұстап алынған күдікті өзiнiң тұрғылықты жерiне немесе жұмыс орнына өзiнiң ұсталғандығы және ұсталып отырған жерi туралы телефон арқылы хабарлауға құқылы.

Ұстап алу туралы хабар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі келтіруі мүмкін деп пайымдауға негіздер болған кезде, ұстап алуды жүзеге асырған қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы ұстап алынған адамның кәмелетке толған отбасы мүшелерін, жақын туыстарын кейінге қалдырмай өзі хабардар жасауы тиіс. Хабарлау фактісі туралы ұстап алу хаттамасында белгі жасалады, онда ұстап алынғаны туралы хабарлаудың уақыты мен тәсілі көрсетіледі.

Айыпталушы

Айыпталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ерекше бөлімінің баптары бойынша айып тағылған адам. Ол не үшін айыпталып отырғанын білуге; прокурор бекіткен айыптау актісінің, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманың көшірмесін алуға; өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін құралдармен және тәсілдермен қорғауға, қорғануға дайындалу үшін жеткілікті уақыт пен мүмкіндікке ие болуға; іс бойынша азаматтық талап қойылуына байланысты өзін азаматтық жауапкер деп таныған жағдайда оның құқықтарын пайдалануға; тергеп-тексерудің кез келген сатысында процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге немесе оған келісім білдіруге және процестік келісім жасасуға, процестік келісімнің көшірмесін алуға; қылмыстық істі алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.

Нұрат САМАТОВ,

аудандық прокуратураның 

прокуроры.