Біздің сүйікті дәрігер

«Басың ауырса бақсы көп» демекші, денсаулығың сыр беріп, көңіл қошың болмай тұрса, медицинаға еш қатысы жоқ адамдардың өзі «олай ет, бұлай ет», «ана дәріні іш, мына дәріні іш» деп ақыл айтқыш-ақ. Ал, біз өзіміздің учаскелік дәрігеріміз Гүлнара Кенжеғалиеваға (суретте) жүгінгенді жөн көреміз. Өйткені, ол білікті маман, білгір емші. Біздің отбасыларымыз ғана емес, Сайқын ауылы, жалпы аудан жұртшылығына танымал жан.

1995 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген Гүлнара Дайноллақызы жолдамамен өзіміздің Саралжын ауылына келіп, бес жылдай қызмет етіпті. Кейін Ресейге қоныс аударып, көршілес Астрахан облысында істеген. Атағы ауыл-аймаққа әйгіленіп, есімі жұрт аузына іліккен қандасымызды бұдан он жыл бұрын Бөкей ордасы аудандық аурухана басшылары қызметке шақырған екен. Ол да, отбасы да құп көріпті. Міне, содан бері Г.Кенжеғалиева осында. Сырқатынан сауыққан тұрғындар оған алғыстарын жаудыруда. Ол туралы «Орда жұлдызында» көлемді мақала да жарияланды.

Біз өзіміздің сүйікті дәрігерімізді алдағы төл мерекесімен құттықтап, денің сау, отбасың аман, мерейің үстем болып, ауылдастарыңның алғысын арқалай бер дейміз.

№1 участок тұрғындары атынан Ш.Ишанғалиева,

С.Таңатов, Д.Бижанова отбасылары.