Ащы да болса, шындық қымбат

Аудандық қоғамдық кеңестің өткен бейсенбідегі отырысына аудан әкімінің орынбасары Р.Зұлқашев, мәслихат хатшысы Е.Таңатов, округ әкімдері мен мекеме басшылары, құрылым жетекшілері қатысты.

Экономика және қаржы бөлімі басшысы Р.Абдоллинаның «Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 23 желтоқсандағы №7-1 «2017-2019 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы шешіміне өзгерістер енгізу», «2016 жылғы аудан бюджетінің атқарылуы» және «Ауданның 2016-2020 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасының іске асу барысы» туралы, сондай-ақ, «Жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы» хақында аудан әкімі аппараты мен білім бөлімі басшылары Е.Айтқалиев пен Е.Иманбаевтың, Ұялы, Бисен ауылдық округтерінің әкімдері Б.Оразғұлов пен Қ.Саматовтың хабарламалары тыңдалып, талқыланды. Аудандық мәслихаттың шешімінің жобасы мақұлданып, хабарламалар қаперге алынды.

Отырысты жүргізген қоғамдық кеңес төрағасы С.Таңатов хабарламашылардың көбіне атқарылған істі, жетістікті баса көрсетіп, оралымсыздықтарды жалпылама келтіретіндіктері мен кемшіліктің себеп-салдарын ашпайтындықтарына тоқталды. Яғни, ащы да болса, шындықты айту қажеттігін меңзеді. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков хабарламашыларды аударма тілмен емес, қазақтың жалпақ тілімен ұғынықты сөйлеуге шақырды. Шынында да, залдағылардың бірқатары «уақ қара мал», «қылмыс орындалмады» сынды тіркестерге түсіне алмай отырған. Сөйтсек, «уақ қара мал» – қой да, «қылмыс орындалмады» – қылмыстың кемімегенінің баламасы екен.

Елімізде реформалауға жиі ұшырайтын сала білім беру мен денсаулық сақтау осы басқосуда да көбірек сөз болды. Мектеп директорларының бірер жыл сайын ауысатыны, педагогикадан хабары жоқтардың да мұғалімге баға беруге әуестігі, 600 орындық мектепте 300 бала оқыса да, білім берудің екі ауысымда жүретіні, МӘМС, тағы басқа жайлар қамтылды. Орда ауылдық округі әкімі М.Сейсенов Жәңгір хан атындағы орта мектеп оқушыларының үнемі артқы есіктен кіріп-шығатынына (алдыңғы есік құлыптаулы) ата-аналар екі жылдан бері наразылық білдіруде екенін жеткізді.

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызын тағы бір атап көрсеткен аудан прокуроры Н.Е.Байменов «Таза қол» бағдарламасы жайында да кеңінен түсінік беріп, округ әкімдері мен мекеме, бөлім басшыларын осы бағыттағы «уатсап» желісіне қосылып, насихат ісіне белсене араласуды сұрады. «Ұғынықты тілді таңдап, түсіндіре білу керек»,-деді ол.

Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев күн тәртібін қызу талқыласып, пікір білдіргендерге рахмет айтты, қайсыбір мәселелерге түсінік берді.

Кеңес төрағасы отырысты қорытындылады.

Каримолла ҒАЙСИН.