Бала құқықтарын білеміз бе?

Асыға күткен жазғы демалыс та келіп жетті. Балалардың бірі көптен көрмеген ағайын-тумаларына қыдырса, басқалары ата-анасына қолғанат боп, нәпақа табуға кірісетіні тағы бар. Ата-бабамыз «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деп адал еңбекті сөз еткен. Десек те, кей жағдайда оқушылардың еңбегін пайдаланудың шектен шығып жататыны жасырын емес. Бұндай келеңсіздікті болдырмау бағытында жыл сайын білім ұяларында 1-12 маусым аралығында республикалық «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны өтеді. Оның негізгі мақсаты – бала құқығын қорғау, кейбір заңсыздықтарға жол бермеу және алдын алу шараларына назар аудару. Бұл орайда, мектептерде түрлі тәрбиелік сағаттар ұйымдастырылып, рейдтік тексерістер жүргізілуде. Әрине, баланы еңбектен алшақтатып, жалқау жасау ойымызда жоқ. Бірақ, жазғы демалыс кезінде азғантай еңбекақысына қой бағып, қи ойып, құрылыс жұмыстарына араласып, үйдегі табысқа үлес қосатындары да кездесіп жатады. Тек бұл мәселе заңдастырылған түрде шешілсе құба-құп.

ҚР Еңбек Кодексінің 178,179,180,181,182-баптарының көздегені бір. Осы баптарға сүйенер болсақ, жасы 18-ге толмаған қызметкерлердің еңбегін ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарда, сондай-ақ, олардың денсаулығы мен имандылығының дамуына зиян келтіруі мүмкін іске араласуларына тыйым салынады. Алайда, 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің 24 сағат, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің аптасына 36 сағат жұмыс жасауына рұқсат етілген. Бәрібір балалар үшін белгіленген уақыт межесі ескерілуі тиіс. «Бала құқықтары туралы конвенцияда» балалар мен жасөспірімдер олардың денсаулығы мен дамуына әсер етпейтін, сонымен қатар білім алуына кедергі келтірмейтін жұмысты орындауларына, ата-анасына үй шаруасында немесе отбасылық іске көмектесулеріне, сабақтан кейін, я болмаса, демалыс уақытында қалта ақшасын табуына рұқсат етілген. Сондықтан, ата-аналар мен кәсіпкерлер есіне бала еңбегін заңдастыру, яғни, кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру кезінде  олармен міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс екендігін ескертеміз. Мұның барлығы отбасылық әл-ауқат пен баланың дамуына септігін тигізіп, оған қоғамның толық мүшесі болып қалыптасуына, болашағына қажет тәжірибе алуына көмектеседі.

Назгүл ТІЛЕПОВА,

аудандық білім беру бөлімінің әдіскері.