13.06.2017, 12:21
Қараулар: 1305
Іздегенге кәсіп табылады

Іздегенге кәсіп табылады

р-0145-2

Елбасымыз әр жылдардағы Жолдауында кәсіпкерлік саласына айрықша көңіл бөлуде. Өйткені, дамыған кәсіпкерлік жүйе экономиканың негізі болып табылады. Аталған саланы дамыту мақсатында Үкімет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы», «Агробизнес – 2020» және т.б. көптеген бағдарламалар іске асырылуда. Бірқатар жерлестеріміз қазірдің өзінде аталған бағдарламалардың тиімділігіне көз жеткізіп үлгерді.

Біздің ауданымызда да шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын, өндіріс цехтарын аштырту, жұмыссыздықты азайту, тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсету сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Тұрғындарды малдандыру, несие алып беруге жәрдемдесіп, өз ісін аштыртып, кедейшілік шеңберінен шығару бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Сол сияқты алған қарызын уақтылы қайтарып, қайта қомақты қаржы алу да жолға қойылған. Тек соңғы екі жылда түрлі бағдарламалар арқылы кәсіпкерлік субъектілер 330,0 млн. теңге несие алды. Яғни, бұл осы салаға бағытталған инвестиция. Олар мал өсіру, тұрмыстық қызмет көрсету орындарын ашу, дәмхана және шағын өндіріс орындарын ұйымдастыруға бағытталып, 500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.

Көп жылдардан бері несиелендіру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдары арқылы жүргізілуде. Оның өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Тарқатып айтсақ, ауданымыздың облыс орталығынан қашықтығы, көптеген құжаттарды жинақтау, екінші деңгейдегі банкілердің ауылдық жерде орналасқан мүлікті кепіл ретінде алмауы, алған жағдайда да құнын төмен бағалап, кәсіпкердің қалаған несие қаржысына қол жеткізе алмайтыны айқын.

Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 17 тармағын орындау мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде микрокредиттеу көлемдерін кеңейту, өз ісін ұйымдастыру және кеңейту үшін кредиттік ресурстарының қолжетімділігін арттыру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және басқа тұлғалар үшін, жаппай кәсіпкерлік үшін жағдай жасау көзделген. Бірнеше бағдарламаны алмастырған оның оң өзгерістері көп-ақ. Біз ауданымызға қолайлысына ғана тоқталсақ, бұрындары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы алынған несие 3,0 млн. теңгеге дейін болса, енді қайыра алушыларға бұл көрсеткіш екі есеге өскен, яғни, 6,0 млн. теңгеге жеткен.  Әрі микрокредиттерді кепілдендіру көзделген. «Қазагрокепіл» АҚ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін несие құнының 85, қызметтегілер үшін 50%-ына дейін кепіл болады. Бұл «Іскер» несиелік бағдарламасының басты ерекшелігі. Осынысымен де шалғай жатқан біздің аудан тұрғындарына тиімді десек, жылдық өтемақы мөлшерлемесі 6%, максималды сомасы 16,0 млн. теңгеге дейін 7 жылдық мерзімге берілетін шағын несиелер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауданымыздағы «Нарын-Несие» несие серіктестігі арқылы ұсынылады («Бірлік» және «Қанат» несие бағдарламалары арқылы). Бұлардың тағы бір артықшылығы қажетті құжаттардың өзіміздің ауданға тапсырылуында. Тек оған қол жеткізу үшін міндетті түрде кооперативтерге бірігу шарт. Олардың бірі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталса, екіншісі ауыл шаруашылық техникасын алуға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарламалар арқылы несие алып, мал шаруашылығы немесе басқа сала бойынша өз кәсібімен айналысам дегендердің ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік бөлімдері, жұмыспен қамту орталығына, кәсіпкерлердің аудандық палатасына жолығуларына болады.

 

Ерлан НҮРКЕНОВ,

аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.