30.05.2017, 12:55
Қараулар: 401
Түлектер тартуы

Түлектер тартуы

Мен мұндалап қол бұлғайды ауылым

Әр адамның туған жері өзіне ыстық болғандықтан өсіп-өркендей бергенін, жасыл желекке оранып, жайнай бергенін қалайды. Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің 1977 жылғы түлектері (олардың арасында Әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университетінің профессоры Меңболат Сиықов, облыстық мәслихат аппараты қызметкері Абат Сұлтанов, аудандық мәслихат депутаты Сағындық Сәрсенов, ардагер электриктер Шынтемір Мөкешев пен Тілек Әсетов, т.б. бар) ауылдың кіре берісіне сонадайдан көз тартатын белгі орнатты. Ал, мектептің 2002 жылғы түлектері орталықтағы саяжайға  «Менің жүрегім Бисен» деген айшықты жазу қалдырды. Ашылу салтанатында олар концерт, от шашу ұйымдастырып, тұрғындарға әдемі кеш сыйлады. 1997 жылғы түлектер волейболдан марқұм сыныптасы Төлепов Ақынжан Тілекқабылұлына арнап еске түсіру  турнирін өткізді.

Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ.

Бисен ауылы.

 

Еске алу турнирі

Мектеп түлектерінің әр 5-10 жыл сайын кездесіп тұруы дәстүрге айналған жай ғой. М.Мәметова атындағы орта мектептің 2007 жылғы түлектері де кездесуге жиналдық. Келместің кемесіне мініп кеткен сыныптастарымыз Нұрлан Қартқожақов, Зауыр Есенғалиев, Кристина Абдоллина, Медет Қожантаевтарды еске алып, солардың құрметіне шағын футболдан турнир ұйымдастырдық. Өз арамыздан ұлдар «Құрдастар» командасын жасақтаса, Сайқын, Мұратсай, Жәрмеңке ауылдары да, 1995 жылғы жігіттер мен мектеп оқушылары да өз спортшыларын алаңға шығарды. Тартысты өткен ойында қарсылас шақ келтірмеген жәрмеңкеліктер бірінші орынға шығып отыз, одан кейінгі мұратсайлықтар жиырма, сайқындықтар он мың теңгені қанжығаларына байлады. Б.Дияров «үздік қорғаушы», Б.Ахмедияров «үздік қақпашы», Н.Самиғоллин «үздік шабуылшы», оқушы А.Нұрмарданұлы «белсенді ойыншы» атанды.

Ойынды тамашалауға қатысқан Нұрсұлу апай Абдоллина (Кристинаның анасы) ұйымдастырушылар мен спортшыларға ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

Айша ЗАЙНОЛЛИНА.

Сайқын ауылы.

 

мектеп түлектері

Басқа да мақалалар