30.05.2017, 12:49
Қараулар: 150
Бақытты балалық шақ

Бақытты балалық шақ

г-701 эмбл 1

«Балалы үй базар» деп атам қазақ әманда ұрпақ тәрбиесіне жіті мән беріп келген.  «Ұят болады, обал болады, мейірімділік таныт, адал бол» деген ұлағатты сөздерімен жас өскіннің бойына адами қасиеттерді сіңіре білген. Мінекей, осындай қарапайым философияның негізі бүгінде маңызын жоғалтпауда. Заманына сай өрнектеліп, сапалы білім мен саналы тәрбие берудің жаңа формасы, яғни, балабақшалар аясында жалғасуда. «Бала – болашағымыз» демекші, еліміздің кішкентай тұрғындары үшін жылма жыл әдемі де замануи құралдармен жабдықталған балабақша ғимараттары  да бой түзеуде. Мұның бәрі мемлекетіміздің «Балапан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны және айқын.

Бөкей ордасы ауданында төрт мектепке дейінгі білім беру мекемелері, атап айтсақ, аудан орталығы – Сайқында  «Ер Төстік», Бисенде «Салтанат», Хан ордасында «Ақбота» және Бөрлі ауылында «Балдәурен» бөбекжайлары мен 3 мектеп-балабақша (А.Құсайынов, Қ.Сағырбаев, Ш.Жексенбаев) және 9 шағын орталық бүлдіршіндердің бал мекеніне айналып отыр. Оларда бүгінгі таңда 930 бүлдіршін тәрбиеленсе, 151-і шағын орталықтардың үлесінде. «Ер Төстік» бөбекжайында мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған инклюзивті кабинет жасақталған, онда 4 балақайға арнайы тәлім-тәрбие беріледі.

Бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, тұлғалық қасиеттерін дамытып, жетілдіруде бөбекжай қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктелген. Оқу-тәрбие жұмысын жақсартуда тәрбиешілер мен жас мамандарға педагогикалық семинар-кеңестер ұйымдастырылып тұрады. «ТРИЗ», «Монтессори», «Лулий» шеңбері әдістері де кеңінен қолданылады. «Ер Төстікте» балақайлардың ойлау қабілеттерін арттыру мақсатында пайдаланылатын «Мнемотехника» әдісі де өз жемісін беруде.

Біз мереке қарсаңында балабақшадағы өрендердің өнеріне тәнті болған едік. Енді үнпарағымыз арқылы «Ер Төстік» және «Ақботалық» періштелердің тілектерін де жеткізуді жөн көрдік.

 

Сайқындық балақай Айкөркем Жұмабекованың шет тілдерін үйренуге деген құлшынысы ерекше тәнті етті. «Ақбота» ересек тобының елгезек тәрбиеленушісі полиглот атансам дейді. Ағылшын тіліндегі тақпақтарды тек жатқа оқымай, мағынасын да түсіндіріп бере алады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін даналық сөз Айкөркемнің басты ұранына айналса екен дейміз.

«Ер Төстік» бөбекжайының «әнші балапаны» атанған өнерлі балақай Арафат Талғаттың да болашағынан тек ата-анасы ғана емес, тәрбиешілері де зор үміт күтеді. Төрт жасар балғын республикалық «Ұлы дала ұрпақтары» байқауына қатысып, Алғыс хатқа ие болыпты. Қаршадай бала эстрада жұлдыздарының әндерін нақышына келтіре орындағанда тамсанбайтын адам кемде-кем.

Ал, «Балбөбек» тобының сүйкімдісі Айару Құрманбайдың ерекше қасиеті сурет салуды ұнатады екен. Қылқалам өнеріне талпынысы жақсы бүлдіршін ертегі кейіпкерлерінің, табиғаттың суреттерін бейнелегенді жаны сүйеді. Жетістіктері де аз емес. 2016 жылы «Еуразиялық гендік қор» ғылыми өндірістік білім беру орталығы ұйымдастырған «Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні» атты суреттер байқауында бірінші орын иеленіп, балабақша абыройын асқақтатқан көрінеді.

Айжұлдыз Каримолла да «Ақботаның» кішкентай жұлдыздарының бірі. Бөбекжай табалдырығын небәрі бір жас екі айында аттапты. Бүгінде бес жасар Айжұлдыз өте белсенді, ән де айтады, би билегенді де, сурет салғанды да жақсы көреді. Жан-жақты балғын үйде інісі Нұрисламнан да әпкелік қамқорлығын аямайтынын аңғардық.

«Ақботам бал құрағым,

Лаулап жансын шырағың.

Өзің берген біліміңмен,

Самғап ұшты жас қыраның».

Бұл Орда ауылындағы  «Ақбота» бөбекжайының ұраны. Достық пен бақытты шақтың мекеніне айналған «Ақбота» балабақшасы да талантты балақайлардан кенде емес. Солардың бірі – «Қызғалдақ» тобындағы Гүлім Данабекқызы. Алғыр да зерек бүлдіршін мың бұрала билегенде айналасын қуанышқа бөлеп, еріксіз тамсандырады. Ырғақты сезіне білуі қандай тамаша десеңізші!

«Гүлдер» ортаңғы тобының тәрбиеленушісі Ақжарқын Асқар да әдемілікке жаны құштар. Қоршаған ортаның сұлулығын бала қиялымен ақ параққа түсіріп жүр. Бүгінде түрлі тақырыптарда салынған суреттері бөбекжайда ілулі.

«Еліміз тыныш, ата-анамыз бақытты болсын, тәрбиешілеріміз ауырмасын». Жарқын болашақ иесі, періште пейіл бөбектеріміздің осынау ақжарма тілектері қабыл болғай дейміз.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ.

Балаларды қорғау күні

Басқа да мақалалар