30.05.2017, 12:26
Қараулар: 30
 » 
Қорға жарна аудару бірінші шілдеден басталады

Қорға жарна аудару бірінші шілдеден басталады

в-224-1

МӘМС жүйесі Германия, Франция сынды елдерде бұрыннан бар көрінеді. Олардағы дәрігерлік көмектің сапасы, пациенттердің емделу деңгейі, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайлары бәрі жақсы деседі. Осы елдердің тәжірибелерін негізге алған Қазақстан да сол жүйені құп көріп, оған 2018 жылдан бастап көшуді жоспарлап отыр. Былтырдан бері түсінік-таным жұмыстары жүргізіліп келсе, биылғы сәуір айында тұрғындарды жергілікті жері бойынша емханаларға тіркеу, әлеуметтік жағдайын, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударушыны анықтау басталды. Алғашқы жарналар 1 шілдеден бастап түспекші.

«Сырын білмейтін аттың сыртына шықпа» дейтін қазекең сонау бір жылдары осы тектес медициналық қордан аузы күйіп қалғандықтан ба, қайсыбірінің бұл жаңалыққа үрке қарап отырғандары жасырын емес. Сондықтан да республикалықтан аудандық басылымға дейін, радиотелехабарларда да арнайы материалдар жарияланып, оқырмандар мен тыңдаушылардың сұрақтарына жауаптар қайтарылуда. Жақында ауданымызға келген құрамында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысы Сатқан Төлегенов, денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің бас маманы Балжан Темірғалиева, БҚО кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімі басшысының орынбасары Нұрбек Айтбаев бар топ ауылдық округтерде болып, халықпен кездесіп, жұртшылықтың көкейінде жүрген біраз мәселелердің басын ашып, терең ұғындырып кетті.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында оздырылған кездесуді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ашып, жүргізіп отырды. Меймандар МӘМС жүйесінің сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті арттыратынын, денсаулықты жақсартып, адам өмірін ұзарту, амбулаториялық-дәрігерлік қамтуды жақсартып, бейресми төлемдердің деңгейін азайтатындығына тоқталды. Сондай-ақ, ешкімді алаламайтын медициналық көмекпен жан-жақты және жаппай қамту жүзеге аспақ. Денсаулыққа қатысты медициналық мекемелер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі күшеймек. Денсаулық  сақтау саласында тұтыну көлемін теңестіруге мүмкіндік беретін тұрақты қаржылық жүйе жасақталмақ. Ал, ол бюджетке түсер салмақты жеңілдетіп, салада нарықтық механизмдерді жетілдіруге мүмкіндік береді.

Кездесуде «АймақГаз-дың» аудандық учаскесі басшысы Рахымжан Кенжеғалиев, Бөкей ордасы колледж директоры Бағдат Лұқпанов, жергілікті полиция қызметі бастығы Ерлан Жоралиев, аудандық аурухана директоры Әділгерей Ғаббас, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанғуат Еркеғалиев, т.б. сұрақтар қойып, өзара пікір алысты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.