30.05.2017, 12:19
Қараулар: 466
Толғауы тоқсан тіршілік

Толғауы тоқсан тіршілік

Ана жүрегіндегі шер

 «Бұл бір сұмдық заман еді ғой. Көршіден жасқанып, достан жалтаратын едік. Ол кезде 5-6 жастағы ойын баласы болатынмын. Алайда, қайдан ойнарсың, қайдан күлерсің,-деп күрсіне еске алатын анам Мұқсина балалық шағын.

Одан арғы әңгіме желісін төмендегіше сабақтайтын-ды жарықтық:

– Құдайдың атпа күні қарулы адамдар келіп, тұрғындарды бір-бірлеп алып кетіп, айрандай ұйыған ауылды берекесінен айыратын. Өкінішке қарай, ол зұлмат біздің отбасымызды да айналып өтпеді. Жаздыкүні болу керек, әйтеуір, күн жылы. Атарбалы әскерилер әкемді алдына салып айдап кетті. Мұндайды бұрын да көріп жүрген мен сол түсі суық жандар табалдырығымыздан аттасымен-ақ, ең жақын адамымның енді кері қайтпайтынын сезіп, балаң жүрекпен олардың аяушылық сезімін оятуға тырыстым. Жыладым, жалбарындым, әкемді келмеске алып кетіп бара жатқан арбаның артынан көп жүгірдім. Шаршадым, құладым… Бір шатырдың астында тұрған өгей анамның өгейлігін танытып, желкемнен түйіп итергенін, үш күн бойы аштан-аш шұңқырда жатқанда бір туысым келіп, бауырына баспақ түгілі, аузыма қара су тамызбағанын қалай ұмытармын?! Мұндайды көріп, жан-тәніммен қасіретті сезінгенде «әкеммен бірге мені де неге әкетпеді екен?» деп қиналғаным рас. Бұл менің өмірден алған алғашқы да ең ауыр сабағым еді. Көз жасым құрғаса да, басылмаған өксік жүрегімде тас болып қатып қалды. Сол кезде «халық жауының қызын паналатты» деген сөзден қорыққандар кейін туыстығын алға тартты, тіпті, кешірім де сұрады. Өгей анамның жүзімді бір көруге зар екенін  жеткізгендер де болды, бірақ, мұз болып қатқан жүрек жібімеді».

– Иә, сонда арып-ашқан анамды нағашысы Өрес таппағанда, ол кісіге бұл өмірдің  жарығын көру бұйырмас па еді,-дейді қызы Оя (шын есімі – Уақия) Ермекқалиева.

Екеуара әңгіме арасында өз өмірінен де біраз сыр тарқатты.

«Қызым, жақсылығыңды бұлдама»

Өмір деген шығар биігі мен сүріндірер соқпағы көп жол ғой. Сол жолда әділеттікті іздеймін деп жүріп, кейіпкеріміз басын тасқа соққан кезінде жақсылық жасаған адамдары теріс айналған сәттері де аз болмаған екен. Сондайда налып отырып: «Күнінде мен осынау кісіге қолұшымды созған едім. Ол неге мұны ұмытып кетеді?» дегенін естіген әкесі Ермекқали Ниязғалиев: «Қызым, жақсылығыңды ешқашан бұлдама»,-деп ақылын айтады екен. Содан бері бұл оның қағидасына айналған. Тек шынайылықты өзінің серігі санаған ол: «Тағдырдан талай теперішті көргенмін. Онда қызыл тілдің үлесі де жоқ емес-ті»,-дей келе, мына бір жайды да баяндап берді.

Тік мінездің кесірі

Елімізде жаппай қысқарту белең алған кез. Әр пенденің өз шыбын жаны үшін шырылдап жүрген уақыты. Осы көкейкесті мәселеге байланысты ұжымдық жиында еш талқылаусыз қысқартылғандар тізімі хабарланыпты. Басқасы-басқа басшылардың ер азаматы дүние салған, көпбалалы, оның үстіне мүгедек баласы бар Бақыт апаны қорғансыз қалдырып, тағдырдың тәлкегіне тастауы дұрыс еместігін алға тартқан Оя Ермекқалиқызының өзін де қысқартуға іліктірген. 31 жасында жан-жары Нұрлан Әліпқалиевті жер қойнауына тапсырып, үш балапанын аялап отырған ана үшін бұл күтпеген соққы болды. Дегенмен, айтқан сөзінен тайқымады, қысқартуды бойын тіктеп қабыл алды. Сыртқа шыққан сәтте «Бұл өрлігің үшін сені мақтан тұтамын!»-деген екен әріптесі Рахметолла аға Ахметов. Содан жылдар бойы жұмыссыз отырып қалған. Үндемесе не болар еді? Бәрі тік мінездің кесірі. Кейіннен аудандық білім бөліміне хатшылыққа тұрады (сол кездегі жалақысы 1500 теңге тұғын).

Бір күні жаңадан басшы болып келген Жанғуат Еркеғалиев: «Оя апа, мен сізді хатшы ретінде жұмсауға, мезгілсіз уақытта шақыртып, бір қағаздарды бастыруға ұялып отырмын. Сізге басқа жерден жұмыс берілсе, қалай қарайсыз?»-деп М.Мәметова атындағы орта мектепке қойма меңгерушілікке жұмсайды. Жанғуат Жұмарыстанұлының алдында екі бірдей басшымен қызметтес болыпты. Осыны айта отырып, апамыз аталмыш жанның көрегенділігіне, үлкенге деген құрметіне ризалығын жасырмай, «Мен мұны ешқашан ұмытпаймын» деп ағынан жарылды.

Біздің «театрымыз» сол ғой

Бір беткей, өткір тілді кейіпкерімізді «Оқымысты адам ғой, заң-законның бәрін біледі» дейтіндер де бар. Аққұба өңді, ұзын шашын өзіне тән қып төбесіне жиып қоятын, әркез бойын тік ұстайтын ол сол қалпынан әлі таймай келеді. «Оқымыстылығына» келер болсақ, бұл қасиет әкесінен дарығанға ұқсайды. Түгелдей бір бөлмені кітапханаға арнап қойғанын көріп, ондағы кітаптарға көз жүгірте келе, апамыз сан алуан шығармаларды орыс, қазақ тілінде бірдей оқитынын аңғардық.  Талай ұйқысыз түндерінде кітапты серік ететінін қыздары да айтып қалды.

– Мәскеу қаласындағы Ләззатым да, Орал қаласындағы Анжеллам да мені алдымен кітап дүкеніне апаратын,-деп марқаяды ардақты ана бүгінде. – Көбіне шытырман оқиғалы детективтерді ұнатамын. Ондай болмағанда қолыма түскен шығарманы оқуға әзірмін. Өйткені, онсыз тіптен ұйықтай алмаймын. Оның үстіне зейнетке шыққан мендей жанға теледидар қарап, газет-журналдар оқып, қонақтыққа барудан басқа не қалды? Біздің «театрымыз» сол ғой.

Әйел-ана шуағы

Иә, елге сыйлы ағалардың дастарханының төрінен орын алатын Оя апаның қазіргі тірлігіне де көз сүйсінеді. Азды-көпті ұсақ малының жүнін де шашау қылмай, жуып-шайып, жайма жасайды. Ол малдың бағымы ұлы Жандарбек пен немересі Абылайдың мойнында. Ауласындағы шағын балалар алаңы, дөңгелектерден істелген тостаған бейнесіндегі ыдыстардағы гүл екпелері де сол ұлы Жандарбектің епсекті қолынан шыққан дүниелер. Оның жаз бойы бел жазбастан тас соғып, өз напақасын тауып жүргенін де айта кетелік.

Әңгіме ауаны үйдің келіндеріне ауысқанда апамыздың жүзі жадырай түсті. «Солармен бұл өмірдің қызығы мен шыжығын өткерудемін. Әсіресе, Бақонайымның (Бақытжамал) орны маған ерекше ыстық. Тіпті, оған тәуелдімін деуге де болады»,-деп ағынан жарылды. Күні кешеге дейін бір шаңырақтың астына өзінің және немере-жиен келіндерін ұстап келген асыл ене үлкен үйдің, яғни, әкесінің шаңырағы иесіз қалмасын деп екі айлығынан бауырына басқан жиені Исатайды отбасымен сонда шығарыпты. Бірнеше жыл өз қанатының астында ұстап, жас келіні Бақытгүлді үй тірлігіне бағыттап, содан соң ғана бөлек шығаруын көрегенділіктің белгісі деп ұқтық біз. Әйел-ана шуағы деген осы емес пе?!

Иә, өткенге салауат айтып, ұрпақтарына қарап, әр күніне шүкіршілік ететін жанның жиі аузына алатын бата сөзі: «Далақтаған даудан сақта, жалтақтаған жаудан сақта, дауылдың кәрінен сақта, жыланның зәрінен сақта, аяқ астынан кезігер бәле-жаланың бәрінен сақта».

Раушан БАҚЫТОВА.

Сайқын ауылы.