Қос мектептегі озаттар слеті

Әрбір дүние есігін ашқан сәби біздің келешегіміз, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы. Оның өсіп, елдің тірегі болуы ол алдымен ата-анасына, кейін білім берген ұстаздарына байланысты. Үйдегі тәлім-тәрбие мектептегі бағыт-бағдармен ұштасып жататыны айтпаса да белгілі.

Жақында М.Мәметова атындағы орта мектепте оқу озаттары мен екпінділерін марапаттау мақсатында ХХІV слет оздырылды. Шара барысында оқуда алғыр, белсенді оқушылардың ата-аналарына Алғыс хаттар беріліп, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысқан сынып пен оларға білім беріп жүрген ұстаздардың да еңбегі ескеріліп, бастауыш сыныптар арасында 3«а» сынып (жетекшісі Арайлым Отарбаева), негізгі сыныптар арасында 7-сынып (жетекшісі Лұқпанова Ақтоты Болатқызы) шәкірттері марапатталды.

Өз кезегінде мектеп директоры Асылхан Аманғалиев оқушылардың оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда алғыр болуы басты шарт екенін айтып, ана-аналарға да өз алғысын жеткізуді ұмыт қалдырмады.

 

*  *  *

М-С.Бабажанов атындағы орта мектептегі озаттар слеті  «Білімді жастар – ел болашағы» тақырыбымен өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков, аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі З.Мұхтар және ата-аналар комитетінің төрағасы Е.Ахметов қатысты. Шара шымылдығын ашқан мектеп директоры Ж.Ғұмаров озат оқушылар мен олардың ата-аналарына Алғыс хаттар табыстады. Көңілді толқытқан әуезді ән мен бұрала билеген бишілердің өнері кеш сәнін аша түсті.

Тілеген Керейұлы мен Ерболат Рахметоллаұлының жүрекжарды тілегінен соң, «Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасы бойынша мектепішілік курстарын аяқтаған мұғалімдерге сертификаттар берілді.

Әділет Әзілханұлы.