Мақсатқа жетудің бағдаршамы

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың көрегендігінің арқасында еліміз аңызға татырлық зор табыстарға қол жеткізді.

Ал, Нұрсұлтан Әбішұлының күні кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осы жетістіктерімізді одан әрі қарай еселей түсудің, алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің бағдаршамы іспетті.

Ұлы мемлекет әрқашанда үндестік заңымен өмір сүреді. Рухани серпіліс әрбір адамның, бүтін қоғамның тынысын өзгертетін ерекше құбылыс. Сондықтан да, Елбасымыз халқымыздың тағылымы мол тарихы мен ұлттық салт-дәстүрін жүргізіп жатқан саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың өзегіне айналдыра отырып, Қазақстан қоғамы мен әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын айқындап берді. Барлығы да теңдесі жоқ тарихи мазмұнға ие және алдағы дамуымыздың басты қағидалары болғандықтан, олардың жаңа көкжиектер кеңістігін ашып, елімізді сапалық жағынан биік деңгейге шығаратыны сөзсіз. Біз технология мен инновацияға, жаңа экономика салаларын дамыту мен замануи инфрақұрылым құруға баса мән берумен қатар, кез келген халықтың дамуында баға жетпес рөл атқаратын рухани негіздерді де естен шығармауға тиіспіз. Жоғары білімді әрі рухани жағынан бай адамдар ғана уақыттың жаңа сын-қатерлеріне жедел ден қойып, шұғыл шаралар қабылдауға, батыл қадамдар жасауға қабілетті болмақ.

Елбасымыздың рухани жаңғыру бағдарламасы қоғам дамуына тың серпін беріп, әрбір азаматты алға жетелейтін тың күш. Біртұтас ұлы ұлттың перзенті екенімізді мақтан тұта отырып, жаңғыру арқылы жарқын болашаққа жетеріміз хақ.

Әділгерей ҒАББАС,

аудандық орталық аурухананың

 директоры.