Ұлағатты ұстаздар-ай!..

Ғалым да, шахтер де бас иетін,

Ұстазым, бар сенің қасиетің.

Білім берген, ой берген, ақыл берген,

Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең.

Шынымен-ақ, өмір-өзен өз ағысымен өтіп жатады, ал, қолыңа қалам ұстатып, әріп үйретіп, бағыт-бағдар сілтеген алғашқы ұстазың санада еш өшпейді. М.Мәметова атындағы орта мектепке 1986 жылы тарыдай болып кіріп, 1997 жылы таудай болып шыққан 11 «в» сынып түлектерінің алтын ұядан қанат қағып кеткеніне 20 жыл өтіпті. Осы уақытта Абай атамыз айтқандай, біз де өмірге кірпіш болып қаландық. Талайлармен кездесіп, талайлармен жүздесіп жүрсек те, алғашқы ұстаз бейнесі шәкірт жүрегінде өшпейді екен.

Мектеп табалдырығын аттағаным әлі есімде. Ол кезде ел арасында  «шестилетка» аталған ғимаратта (бүгінде Г.Әзірбаев көшесіндегі тұрғын үй) оқу бөлмесінен басқа жатын орын, ойын бөлмесі, тіпті асхана да бар-тұғын. Осындай жайлы жерде құшақ жая, жылы сөзімен қарсылаған Надежда Шустова түрлі мінезі бар біздерді айрандай ұйытып, «Букварьмен» таныстырып, білім баспалдағына бастап еді. Ұстаз болашақтың дарынды, ақылды, адал, жанашыр адамдарын тәрбиелейтін маман болса, Надежда Георгиевна дәл сондай жанның бірі. Есейген сайын балалық шағыңды сағынады екенсің. Бүгінде өткен күндерді ойша шолып, еріксіз езу тартатыным бар. Н.Шустова ұлағатты сөздерімен балаларды асыл қасиеттерге сай болуға үндеп қана қоймай, өзі де өмір бойы тәрбие саласында тер төккен нағыз бала жанның бағбаны болатын.  Әрі дүниеде нені армандасаң да, ол ізденіссіз қолыңа түспейтінін санамызға сіңіре білген-ді. Қайран біздің сол бір ұлағатты ұстаздар-ай!

Гүлбақыт ШӘКІРЖАНОВА.

Сайқын ауылы.

Суретте: Ұстаз һәм шәкірттер.