Ауданымызда танымал әнші

Өнер десе делебесі қозатын бөкейліктер тамаша ән-жырдың кәусар бұлағына шомылды. Сонау Астанадан ат терлетіп жеткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова мен халықаралық байқаулардың жеңімпазы Сая Махамбетті халық зор ықыласпен құшақ жая қарсы алды.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан шалғай жердің кедірлі-бұдырлы жолдарын кешіп келген, қасиетті өнердің дара жұлдызы бөкейліктерге керемет әсерлі кеш сыйлады. Мәдениет үйінің көрермен залы тыңдарманға лық толды. Алғаш боп сахнаға  Сая  Махамбет шығып, өнер сүйер қауымды әсем үнімен баурады. Оның  орындаудағы Шәмші Қалдаяқовтың  шығармаларын ұйып тыңдаған жерлестер  бір желпініп қалды. Үлкендерге ілтипат, кішілерге ізет көрсетіп, қазақы әдебінен жаңылмаған жас әнші   көрерменді тәнті етті. Ал, сахнаға жайраңдай шыққан Айжан Қабдуәлиқызы жиналған қауымға сәлем салып, жүрекке жып-жылы сезім қонақтатты. Б.Жұмалиннің «Бақыт деген» деп аталатын көптің сүйікті әнімен концертін бастап,  Ә.Асылбектің «Көк орамал», «Мен деп ойла», «Любовь», М.Садыбековтің «Шилі өзен», Ш.Сариевтің «Сахна менің өмірім», өзге де әндерді  шарықтатты.

Танымал әнші гострольдік сапармен Германия, Болгария, Түркия, т.б. шет елдерде және Қазақстанның бірқатар аймақтарында өнер көрсеткен. Қазір республикалық «Қазақ концерт» бірлестігінде қызмет етуде. Өнер саңлағының орындауында қазақ, түрік, орыс, араб халық әндерімен қоса, қазіргі таңда басқа да кең таралған шығармалар бар. Отыз жыл бойы көрерменнің сүйікті әншісіне айналған  Айжан Нұрмағамбетова қоржынына жаңадан енген 19 өлеңнің таңдаулыларын бөкейлік көрермендерге тарту етті.

Халықтың ерке қызының өнерін көрген жерлестер бір жасап қалды.  Концерт соңында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева  республикалық «Қазақ концерт» шығармашылық  бірлестігінің жоспарымен алыстан келген меймандарға ризалығын жеткізіп, Алғыс хат табыс етті. Бөкейліктер тайлы тұяғы қалмай сүйікті әншілерімен естелік суретке де түсті.

Гүлнар ТҰРСЫНТЕГІ.