Шәкірттер сардарлармен кездесті

Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп-бөбекжайында  «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының ұйымдастыруымен «Патриот» айлығы аясында көршілес Жаңақала ауданы Жаңақазан елді мекеніндегі 51809 «В» әскери бөлімінің 4 қызметкерімен кездесу оздырылды.

 

Оларды алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Ерлан Ермекқалиев арнайы шақыртқан-ды. Қонақтар аға лейтенант Алтайыр Әбілқайыров, сержанттар Мейрам Базарбаев, Мейрамгүл Алдашева, қатардағы жауынгер Нұрлыбек Набиханұлы шәкірттерге Қазақстандағы әскери оқу орындары, оларға қабылдану ережелері  және өздерінің бөлімшесінің  әуе күштеріне қарайтындығы жайында айтып берді. Әскери өмірдің қыр-сырын сөз еткен сарбаздар ҚР Қарулы Күштерінің  25 жылдығымен де құттықтады.

Өз кезегінде оқушылар сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Аталмыш әскери бөлімшенің өмірінен түсірілген бейнероликті тамашалап, жауынгерлердің тұрмыс-тіршілігінен мол мағлұматқа қанық болды. Қонақтармен естелік суретке түсті. Мектеп ұжымы осы кездесуді ұйымдастыруға қол ұшын берген 51809 «В» әскери бөлімінің командирі, майор Серікбай Әбдірахимовқа зор алғыстарын білдірді.

 

А.СӘЛМЕНОВА,

мектептің әлеуметтік педагогі.