16.05.2017, 15:46
Қараулар: 47
«Мұратсай вальсі» шырқалды

«Мұратсай вальсі» шырқалды

а-476-1

Жақында кітапханада «Ауыл күні» аталып өтілді. Оған қадірлі қариялар, мектеп оқушылары, тұрғындар қатысты. Мерекелік шара әні мен сөзін ардагер-ұстаз Каспи Жахатов жазған «Мұратсай вальсін» автордың немересі Бекұлан Каспидің орындауымен ашылды.

 

Округ әкімі Сымбат Қапезова жерлестерін айтулы күнмен құттықтап, ізгі лебізін жеткізсе, Каспи ағай алғашқы еңбек жолы жайлы қызықты әңгіме тиегін ағытты. Ол кезде мектеп пен интернат бір ғимаратта орналасып,  70 бала тәрбиеленіпті. Совхоз құрылған жылдары білім ұясына Каспи Жахатұлы басшылық етіпті. Шет тілі ретінде неміс тілі оқытылған екен. Ардагер-ұстаз Гүлмайра Көпбайқызы да совхоз директоры болған, өмірден ерте кеткен жұбайы Мақсот Омаровтың  шаруашылықты дамытуға қосқан үлесі туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, зейнеткер Жаңылсын Дәулетова, Рафхат Әшенов, Исатай Дәулетов, Рафхат Қапезов, Ғалия Ғилажовалар да ауыл өміріне қатысты құнды ойларын ортаға салды.

 

* * *

Әжендік шаруа қожалықтарының демеушілігімен өткен дала қызықтары да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұнда делебе қоздырар ат жарысы, палуандар белдесуі, арқан тартыс, т.б. ұлттық спорттық ойындарға кезек берілді.

Тай жарысында алғашқы боп мәре сызығын кескен шабандоз Ермек Елекенов І орынды (10000 теңге) қанжығасына байласа, аламан бәйгеде сәйгүлігі бірінші келген Еркебұлан Еділбаевқа да  10000 теңге табысталып, қос аты қатар келген Қайырболат Нығметов «Отау ТВ» қондырғысы мен бір қойды еншіледі. Палуандар белдесуінде Ерболат Биарыстанов, Мақсат Ғалымов, Райымбек Нұрғалиевтер осы ретте жеңіс тұғырына көтеріліп, 10-5-3 мың теңгені олжалады. Арқан тартыста 1986 жылғы ерлер, 1974 жылғы әйелдер құрамалары өзгелерден мығым көрінді. Өзге де спорттық ойындар халық көңілінен шықты.

Теңбіл доп додасында сайқындықтардың мерейі үстем болса, жәрмеңкеліктер ІІ, мұратсайлықтар ІІІ орыннан көрінді. Жарыс жеңімпаздарына сый-сияпаттар табысталды.

Бағила БЕРҚАЛИЕВА,

 Мұратсай ауылдық мәдениет үйінің

көркемдік жетекшісі.