10.05.2017, 14:53
Қараулар: 1240
Шахмат тақтасындағы жарыс

Шахмат тақтасындағы жарыс

???????????????????????????????

Ауданымызға танымал шахматшы, спорт шеберіне үміткер  Өмірбек Ерғазиевті еске алуға арналып, аудан шахматшылары арасында жарыс оздырылды. Оған Орда, Сайқын, Бисен, Мұратсай ауылдарынан барлығы 17 спортшы қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева Өмірбек Иманғалиұлының өмірі жайында сөз қозғап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ғиылманов ойын ережесімен таныстырып, ардагер спортшы Елдос Кенжеғалиев ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын жеткізді.

Шахмат қара күшті қажет етпейді. Жеңіске жету үшін қарсыластың ойын тап басып, қарсы амал таба білу керек. Жарыс олимпиадалық тәсілмен өткізілді. Бірінші айналымнан сүрінбей өткен 9 мықты жеребе тастап, өзара қарсыластарын анықтады. Шешуші сәтке сүрінбей жеткен Әділ Түсекенов (Мұратсай), Мұхтар Жоламанов (Сайқын), Кенжек Сиранов, Талап Ғайсин, Маржан Махметовалар (Орда) финалдық кезеңде тартысты әрі әдемі ойын өрнегін көрсетті.

Жарыс қорытындысында Маржан Махметова III, Әділ Түсекенов II, Талап Ғайсин I орындарға тұрақтады. Ал, Асылғаным Сертековаға жеңіске деген ынтасы үшін, Нұрсұлтан Бисенбаевқа ең жас спортшы ретінде Мақтау қағаздары табысталды. Өзге де шараға қатысушылар сый-сияпаттан құр қалған жоқ.

Лариса Тельманқызы биыл екінші жыл қолға алынып отырған бұл игі шараның алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретінін жеткізді.

Әділет ӘБДІРОВ.

 

Ауыл спорты

Басқа да мақалалар