5.05.2017, 10:21
Қараулар: 14
Сұрақ – сізден, жауап – бізден

Сұрақ – сізден, жауап – бізден

 

  1. Мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік бере ала ма?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Яғни, зейнетақы жинақтары заң тұрғысында сенімді қорғалған.

Мемлекет зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар тұлғалардың барлығына айырма сомасын төлейді. Айырма сомасы дегеніміз – зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалған, республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін біржолғы төлем. Зейнеткерлікке шығу негізіне (жасына немесе мүгедектігіне) байланысты шектеулер қарастырылмаған.

 

  1. Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы азаматтарға міндетті түрде хабарлау науқаны қаншалықты жиі өткізіледі?

Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы «БЖЗҚ» АҚ салымшылары мен алушыларына міндетті хабарлау науқаны жыл сайын, есептік жылдан кейінгі жылдың басында жүргізіледі. Және ол тегін беріледі, ал, алу тәсілін салымшылар (алушылар) өз еріктерімен таңдайды.

Үзінді-көшірме салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтінішінде, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе хабарлау тәсілін өзгерту/анықтау туралы қосымша келісімде көрсетілген мекенжайға, оның ішінде электрондық мекенжайға жіберіледі. Егер салымшы (алушы) мекенжайын өзгертсе, әрі ол туралы өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін қорға хабарламаса, онда 2016 жыл бойынша жіберілген үзінді-көшірме кері қайтып келеді. Ондайда БЖЗҚ-ның ағымдағы зейнетақы заңнамасына сәйкес алдағы жылы үзінді-көшірмені жібермеуге құқығы бар.

Естеріңізге сала кетелік, салымшы (алушы) белгіленген тәртіпте қордың өз міндеттемесін орындауға әсер ететін өзгерістер жайында, яғни, электрондық және пошталық мекенжайлардың өзгергендігі хақында 10 жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті («Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 39-бабының 4 тармағының 1 тармақшасы).

2016 жылы шамамен 1,6 млн. салымшы (алушы) үзінді-көшірме ала алмады. Өйткені, олардың ЖЗШ жай-күйі туралы хабарлау тәсілі таңдалмаған. БЖЗҚ мамандары салымшыларды өздерінің жеке деректерін өзгерту және/немесе хабарлау тәсілін таңдау бойынша қордың дербес қызмет көрсету орталықтарына жүгінуге шақырады.

 

  1. Қордың есептемелері және көрсеткіштері туралы мәліметтерді қайдан алуға болады?

Қор қызметінің маңызды көрсеткіштері ай сайын www.enpf.kz сайтында жарияланып отырады. Қазақстан Республикасының ағымдағы зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық Банкі басқарады. Ұлттық Банктің инвестициялық қызметінің нәтижесімен қордың www.enpf.kz сайтынан танысуға болады. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша ақпараттар ҚР Ұлттық Банкінің мәліметтері бойынша ай сайын жаңарып отырады. Барлық құжаттар хронологиялық тәртіпте жарияланады және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүктеуге қол жетімді. БЖЗҚ тоқсан сайын пайдалар мен шығындар және бухгалтерлік теңгерім туралы мәліметтер жариялап отырады. Сонымен қатар жыл сайын сыртқы аудитті жүргізу нәтижесі бойынша есептеме де көрініс табады.

 

  1. БЖЗҚ-ның негізгі міндеттемелері қандай?

БЖЗҚ –  зейнетақы жарналары, кәсіптік зейнетақы жарналарын тартумен айналысатын жалғыз ұйым және азаматтардың таңдауы бойынша ерікті зейнетақы жарналарын да қабылдайды.  Зейнетақы қоры салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын есепке алу және зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға міндетті.

БЖЗҚ-ны құрудың негізгі міндеттері мен мақсаттары:

— Салымшылардың зейнетақы шоттарын тиісті есепке алу, олардың табиғи қозғалысына байланысты (шет елге шығу, зейнеткерлік жасқа жету және т.б.) өзгерістерді дер кезінде енгізу және зейнетақы жарналарын жүзеге асыру, зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

— Зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығын қадағалау;

— Зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асыру.

 

  1. Шетелден хабарласып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ақыл-кеңес алу мүмкін бе?

БЖЗҚ-ның басты міндеттерінің бірі – қордың салымшылары мен алушыларына сапалы қызмет көрсету және оларға лайықты ақыл-кеңес беру болғандықтан біз ол үшін көптеген ыңғайлы және қарапайым құралдарды жасап қойдық. Мәселен, Қазақстан Республикасының азаматтары 1418 тегін қысқа нөмірі бойынша қордың байланыс орталығына хабарласып, өзін толғандырған сауалға жауап ала алады. Сондай-ақ, www.enpf.kz сайтында «Онлайн – кеңесші», «онлайн хабарласу» және кері байланыс қызметтері жұмыс істейді. Бұл қызметтер Қазақстан азаматтарына да, шетелдік азаматтарына да өте пайдалы.

«Онлайн – кеңесші» қызметі сайттың барлық парақшаларында қолжетімді. Онлайн режімінде қоңырау шалу үшін «электронды қызметтер» бөліміне кіру қажет (стационарлық компьютерлер үшін микрофоны бар гарнитура керек). Қоңырау шалу тегін, алайда, ол интернет трафик есебінен жүргізіледі. Бұл ұялы құрылғылар арқылы қоңырау шалғанда қосымша шығынға әкелуі мүмкін. Осы бөлімде онлайн форманы пайдалана отырып, қорға өтініш жіберуге де болады. Мамандар қысқа мерзімде толыққанды жауаптар әзірлеп, оларды сұрақ қоюшылардың электронды поштасына жібереді.

Бақтыгүл БЕКБОЛСЫНОВА,

 «БЖЗҚ» АҚ БҚОФ Сайқын елді мекеніндегі ҚКО бастығы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар