Талантқа тұсау жоқ

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында аудандық мәдениет үйінің фойесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының  жәрмеңкесі өтті.  

Оның  негізгі мақсаты –  аталмыш жандардың  қоғамдық өмірге белсене араласуына,  табыс табуына жол ашу.  Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов кембағал топтардың да  қоғамның толыққанды мүшесі екенін баса  көрсетіп,  қатысушыларға табыс тіледі. Тамашалай келген тұрғындарды  жәрмеңкеде белсенділік танытуға шақырды.

Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша 542 мүгедек  тіркелсе, олардың 17-сі тұрақты жұмыс істейді.  Солардың қатарындағы Мергүл Омарғалиева мен Сәуле Шошақова ісмерліктерімен отбасы табысын ұлғайтып отыр. Бұл жорықта да қос шебердің қолынан шыққан сөмкелер, алжапқыш, жаңа туған сәбиге арналған  бас киімдер, бисерден  жасалған декоративті теректер, құрақ көрпешелер сатып алушылардың көңілінен шықты. Әсіресе, көпшіліктің  талғамына сай келген  бисер терегі тез арада сатылып кетті. Аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің оқушылары Дана Құрманғалиева мен Альбина Мәутешевалардың қолынан шыққан  моншақ, сырға, білезіктерге де сұраныс көп болды.  Көздің жауын алар бұйымдарға,  әсіресе,  аруларымыз қызығушылық танытып жатты. «Шебердің қолы ортақ» деп бабаларымыз тегін айтпаған-ау, сірә?!

Арайлым ЕСМАҒҰЛ.

Сайқын ауылы.