19.04.2017, 18:36
Қараулар: 300
«Біз сіздердей жандармен мақтанамыз»

«Біз сіздердей жандармен мақтанамыз»

Саналы ғұмырын медицинаға арнап, еселі еңбек еткен аға буынның өнегелі өмірі мен қызмет жолы әманда кейінгі ұрпаққа тағылым болары хақ. Ұрпақтар  сабақтастығының маңыздылығын ескерген аудандық аурухана басшылығы ардагер мамандарға  құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырғалы қашан?! Бұл  жолы да әдемі кездесуге ұйытқы болған мекеме ұжымы мен  Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиев еңбек ардагері, зейнеткер-фельдшер Бақытжамал Хамзинаны арнайы қабылдап, мерейлі 75 жасымен құттықтады. Өз сөзінде аудандық аурухана директоры Әділгерей Ғаббас «Қандай кәсіп болмасын, адалдықты талап етеді. Сіз, 32 жыл ғұмырыңызды   жауапкершілік жүгі ауыр салаға арнаған жансыз.  Өткенге сәл шегінер болсақ,  аурухана қабырғасында қилы тағдырларды көзіміз көрді, жүрегіміз ауырды. Осындай сын сәттерде Сіздей медицина қызметкерлерінің қайсарлығы мен табандылығы, ержүректілігі керек-ақ. Бүгінгі шараға жиылған әріптестеріңіз бар, әкімдік бар, баршамыз Сізге алғыс айта отырып, деніңізге саулық, шаңырағыңызға амандық тілейміз»,-деп ағынан жарылды, құшағын сыйлыққа толтырды.

Жылы сөзге жүрегі елжіреп, толқыған Бақытжамал әжей де ризашылығын білдіре келе, баталы сөзін айтты.  Бүгінде ардагер фельдшердің қос немересі де  медицина қызметкерлері екенін естіп-білдік.

Сондай-ақ, шара барысында аудандық аурухананың  қызметкері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Қазима Әнесоваға да әріптестері алғыс айтып,  құрметті зейнет демалысына шығуымен құттықтады. Еңбек жолын Шоңай елді мекенінен бастаған оның қызметтік мансабы да емдеу ісіне енді араласқан жастарға үлгі екендігін жеткізді басшылық. Округ әкімі  Мейрамбек Аққалиев те   өз лебізін жеткізе келіп: «Жастар үлкендерді ұлықтауы тиіс. Қиындығы мен қарбаласы қатар жүретін салада кәсібилік бір бөлек, адамгершілік сияқты қасиеттерді жоғалтып алмау қиынның қиыны. Біз Сіздердей жандармен мақтанамыз, аман жүріңіздер»,-деді. Әрі ол да естелік кәдесін  табыстады.

Әріпестерімен жүздесуге асыққандардың қатарында ардагер-акушер Зура Тәшімова да болды.  «Жастығымыздың саналы бөлігі осы мекемеде өтті, сол кездегі қызғалдақ қыздар бүгінде бір-бір үйдің отанасы атандық. Бақытжамал менің әріптесім ғана емес, құрбым да. Жан жолдасынан ерте айырылса да, мойымай үш бірдей баласын өсірді. Жұмысына да үлгере білді. Міне, өз ісін сүюді осындай жандардан үйрену керек» деп ол кісі де ағынан жарылды.

Шара аяқталса да жиылған ардагерлер көпке дейін тарқаспай, біраз сыр шертісті, бір қуанып, бір мұңайды. Естелікке суретке түсуді де ұмытпады.  «Құдай ғұмыр берсін, бәрімізге, әріптестер!» деген ақжарма тілектерін де жасырып қалмады.

Арайлым ӘЖІҒАЛИЕВА.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар