19.04.2017, 18:31
Қараулар: 358
Күлкі де бір дәру

Күлкі де бір дәру

Жастармен жұмыс жөніндегі аудандық ресурстық орталық пен «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жайдарман» ойнына біз де көрермен ретінде қатыстық. 

Зал толы. Сахна төрінде еркін көсілген жалынды жастардың екпіні көңілді бір сергітіп тастады. Сайысқа сақадай сай дайындалғандары командалардың таныстыруынан-ақ көрініп тұрды. Бөкей ордасы колледжінің «Жас талант» құрама командасы бірінші болып шара шымылдығын ашса, ойынды әрмен қарай ордалықтар («Хан орда») жалғастырды. Бисендіктердің «Жүз пайызы» ойынның нүктесін қойды. Бір жарым сағатқа созылған «Жайдарман» екі кезеңнен тұрып, соңы әуезді әнге ұласты.

«Хан орда» командасының «Ауылға келген қыз» көрінісіндегі қалалық қыздың жергілікті жігіттермен жолығуы, қыз ағасының қыңыр мінезі, ауылдықтардың туған өлкені таныстыруы, бәрі-бәрі үйлесімін тауып, жарасымды әзіл көрермен жүзіне күлкі үйіріп, жүрегінен жол тапты. Ал, «Жүз пайыздықтар» бір әуен аясында қыз-жігіттердің кешкі басқосуын, жезде мен балдыздың арасындағы қақтығысты қуақы тілмен жеткізіп, бозбала мен бойжеткеннің бала махаббатын шынайы бейнелей білді. Бұлардың астарлап жеткізген әр сөзінің түбінде бір шындықтың жатқанын аңғару қиын емес-ті.

Ойынға төрелік еткен аудандық демалыс орталығының директоры М.Насыров, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жетекшісі И.Құрмашев және «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Әшеновтердің ұйғарымымен бисендіктер І орынды қанжығасына байласа, ІІ орынға ордалықтар жайғасып, Бөкей ордасы колледжіне ІІІ орын тиді. Аталмыш ойында ерекше көзге түскен Шыңғыс Мұқасов «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, Мақтау қағаздарына қол жеткізді.

Жайдарманның қызығына елітіп отырып, уақыттың қалайша зыр ете түскенін де байқамаппыз. Иә, күлкі – өмірдің мәні, көңілдің сәні. Осындай көңілді кеш сыйлаған жастарға өнерлерің өрістей түссін дейміз біз.

Әділет ӘБДІРОВ.

Сайқын ауылы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар