4.04.2017, 11:02
Қараулар: 279
Алаштың ардақты Ахаңы

Алаштың ардақты Ахаңы


 

 Өткен ғасырдың бастапқы кезеңі. Ұлт арасында аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістер орын алғанын тарих парақтары растайды. Дүлей-дүрбелеңмен қабаттасып, қатарласып, үлкен рухани жаңғырулар да естілді. Осы дәуірде ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтеріп,  жұртшылықтың санасына демократиялық ой сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсірген осы топтың рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынұлы. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген Ахаңның сөзін кез келген көрнекі орынға айшықтап жазып қойсақ, бүгінгі буынның санасына серпіліс тудырары даусыз. Бұл – сөз басындағы орайы келгенде айтқан ойымыз. Әйтпесе, оның қазақша әліппе жасап, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып, оларға тұңғыш анықтама бергенін, дыбыс, сөз, сөйлем жүйесін қалыптастырған елеулі еңбегін шетелдік ғалымдар да мойындап, бағасын берген.

 

ҰСТАЗДЫҚТАН ҮЛКЕН ҚАЙРАТКЕРЛІККЕ

1929 жылы 12 мамырда НКВД-ға берген түсініктемесіне қоса, өз қолымен жазған өмірбаянында Ахаң «Мен 1872 жылы 5 қыркүйекте тудым» деп айтады. Соңғы уақытта анықталған Ахаңның туған жылы мен күні туралы бұл деректі Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен мұрасын зерттеуші Рәбиға Сыздықова да растайды. Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары көзі ашық ауыл азаматтарынан сауатын ашып, хат таниды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, кейін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін жаңаша мектептер саны көбейген болатын. Міне, осындай оқу орындарында дәріс алған Ахмет 1895 жылы өзінің ұстаздық қызметін бастайды. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Бір айта кетерлігі, әділетсіз орыс оязының зорлығына қарсы тұрған әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге жер аударылуы Ахметтің ерте есейіп, ұлтына деген махаббатын арттыра түседі.

1905 жылдардан бастап А.Байтұрсынұлы елдегі әлеуметтік теңсіздікке қарсы шығып, саяси қайраткерлік жолға түседі. 1909 жылы губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, түрмеге де қамалады. Кейін Ресейдің ішкі істер министрлігінің ерекше кеңесі Ахметті Орынборға жер аударады. Бұл жерде ол саяси көзқарасын ашық айтып, өзінің сенімді достары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірігіп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. 1913-1918 жылдар аралығында осы басылымның редакторы болған ол халықты өнер мен білімге шақырып, қалың бұқараға үгіт-насихатын жүргізген еді. Алайда, оның әрбір басқан қадамы Ресей үкіметінің қатаң бақылауында болып, газетке жабылған жаланың кесірінен жазықсыз абақтыға отырып шықты.

 

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ БИІГІ

Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады. Алаш қайраткері Сәкен Сейфуллиннің заманында айтқан сөзі бар-тын: «… Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті».

Иә, Байтұрсынұлы ұлты жолындағы ірі қайраткерлігін 1926 жылы Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық I съезінде де байқатты. Іргелі басқосуда «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» баяндама жасаған ол қазақ ұлтының тілдік жүйесін дәлелдеп, халқының болашағы үшін қайсарлық көрсетіп, әзербайжан жұртын қайран қалдырған көрінеді.

5 рет сотталып, 2 рет жер аударылған мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы қазан айында қамауға алынып, екі айдан соң «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесіледі. Бірақ, 1988 жылы 4 қарашада әділеттің ақ таңы қайта атып, 51 жыл бойы жазықсыз жапа шеккен репрессия құрбаны жаладан ақталып, ортамызға оралды. Бүгінде халқына қажырлы еңбегін арнап, ұлтының болашағы үшін жанкешті жұмыс жасаған ақын-аудармашы, түркітанушы ғалымның еңбектері қайтадан жарыққа шығып, оның атына ауыл, мектеп, көше, оқу орны берілді. А.Байтұрсынұлы атында Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан құрылған «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы бар.

 

«ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДІ…»

Қазақтың біртуар ұлының мұралары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана терең зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А.Байтұрсынұлы шығармаларының жинағы – «Ақ жол» кітабы жарық көрді. Алматы қаласында ірі қоғам қайраткері соңғы жылдары өмір сүрген ғимарат 1993 жылы мұражай үйі болып ашылды. Өзінің атын иеленген көшеде орналасқан бес қабатты рухани шаңырақта ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты бес жүзге жуық деректі ресми құжаттар, жеке суреті, қаламсауыт, мөртаңба және сандық, шабадан сияқты ұстаған мүліктері қойылған. Ахметтің жұбайы Бәдрисафаның шын аты – Александра деген орыс кісі екен. Өкініштісі сол, олардан ұрпақ қалмаған. Тек Кәкіш деген ағасының балаларын бауырына салып, асыраған екен. Сол ұрпақтарының бірі – Самырат Кәкішұлы арнайы қоғамдық қор құрған.

Жиырма жылға жуық уақыттан бері жұмыс жасап тұрған шаңырақта Алаштың ардақты арысының басқан ізі, жоғалмас биік рухы қалды. Өзі тұтынған заттары мен жазған хаттарын қазіргі ұрпақ тарихи шежіре деп біледі. Халқымыздың ұлт болып қалыптасуына ерекше үлес қосқан Ахмет осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген «Тіл – құрал» оқулығында «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек…» деген еді. Елі үшін еңбегін арнаған асыл азаматтың осы сөзі қазір де күшін жойған жоқ.

Сөз соңын заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен түйіндесек, «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қанжылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Ахаң еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. …қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы санайды».

Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы  нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.

Иә, қайта табысты…

Асхат РАЙҚҰЛ.

(«Астана ақшамы» газетінен).