4.04.2017, 9:53
Қараулар: 336
«Біз санамызды қалай тазартуымыз керек?»

«Біз санамызды қалай тазартуымыз керек?»

 Қазіргі оқушылардың санасы теледидардан көрген, компьютерден алған, құрдастарынан, ата-аналарынан, жасыратыны жоқ кейде бөгде адамдардан естіген жағымсыз ақпараттармен толы. Осындайда «Біз санамызды қалай тазартуымыз керек?» деген заңды сауал туындайды. Мысал келтірейік. Стакандағы лас судан қалай құтылуға болады. Алғашқы нұсқасы: суды түгел төгіп тастау. Ал, екінші нұсқасы оны сүзгіден өткізу, сонда су бірте-бірте тазарады. Ластанған су біздің санамыз деп қарасақ, бойымыздағы ақпараттарды бірден жоя алмаймыз. Бірақ, ақырындап бала санасын жалпыадамзаттық құндылықтардың нұрымен сәулендіруге мүмкіндігіміз бар. Оны өмірімізге енгізгенімізде негативті қасиеттер мен эмоциялар өз күші мен өктемдігін біртіндеп азайтады. Сонымен қатар, сүзгіден өткен су сияқты оқушылардың санасы тазарады. Міне, осы бағытта, яғни, «Жалпыадамзаттық құндылықтар – отбасылық тәрбиенің негізі» тақырыбында Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепте ата-аналарға арнап семинар өткіздім. Онда сананы тыныштандыру және бақылау үшін ата-аналарға бірнеше мысалдар келтіріп, тренигтер де ұйымдастырдым. Жиын барысында табиғи және жүре пайда болған, абсолюттік жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсінік беріп, сурет арқылы Т.И.Петракова ұсынған құндылықтар жүйесінің жіктемесі хақында да әңгімеледім. Жалпыадамзаттық құндылықтарды ағашпен байланыстыра түсіндірер болсам, адамға ең бірінші Рух-Жан-Тән және бес құндылық бітеді. Олар: сүйіспеншілік, ақиқат, ішкі тыныштық, дұрыс әрекет, қиянат жасамау. Барлық отбасы балаларын сүйіспеншілікте тәрбиелеу керек. Сүйіспеншілік – бұл өмірге тірек болатын жасампаз қуат. Осылайша, берілген тәрбие ар-ождан даусын естиді, яғни, ақиқатқа бет бұрады. Ақиқат болса өзгермейтін, өмірдің негізгі қағидасы. Нақ осы шақта бала дұрыс әрекет жасайды. Дұрыс әрекет – бұл борыш пен жауапкершілікке, ішкі ар-ождан дауысына сәйкес мінез-құлық. Ішкі тыныштық – ақылдың толықтай тынышталуы, адамның терең табиғаты. Қиянат жасамау – ешкімге оймен, сөзбен, әрекетпен нұқсан келтірмеу. Ал, сүйіспеншілікпен тәрбиеленген бала ешқашан қиянатқа бармайды. «Адамда жақсы қасиет болса, оған бақ та, бақыт та қонады»,-деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, адам баласы қоршаған ортасына риясыз сүйіспеншілікпен қарап, ақиқатты ажыратып, дұрыс әрекет етіп, ішкі тыныштығын сақтап, күнәға батпағанда ғана шын бақытқа жете алады деп ойлаймын. Эльмира МАҒЗОМОВА, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі. Онкүндік аясында Жақында мектебімізде оқушыларды махаббат пен қуаныш сыйлауға үндеген онкүндік оздырылып, оған мектеп оқушылары белсене қатысты. Әр күн қызықты өтіп, олар шығармашылық қабілеттерін аша білді. Шара барысында «Өзін-өзі тану» адамгершілік бағдарламасының авторы С.Назарбаеваның өмірі мен қызметі туралы «Алтын жүрек анамыз» атты кітап көрмесі және 1-4-сыныптар арасында «Мейірім төккен ана», «Достық» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылды. 5-8-сынып оқушылары «Жүректен шыққан жылы сөз» атты байқауда балаң көңілден өрілген өлең жолдарын, шығармаларын оқып, көрікті ойларымен бөлісті. «Біздің мектебіміздің тынысы» атты психологиялық акцияда оқушылар танымдарын кеңейтсе, «Әлемге қуаныш сыйла» шарасына қатысушылар өздерінің әдемі, күлімдеген қалыптағы, жеке немесе топпен, ата-ана, құрбылары, ұстаздарымен, т.б. көңілді іс-шараларда түскен фотосуреттерін табыс етті. Апталық соңында байқау жарыстарының қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

Тәттігүл АМАНҒАЛИЕВА,

Жәңгір хан атындағы орта мектептің өзін-өзі тану пәні мұғалімі. Хан Ордасы ауылы.

мектепішілік шара

Басқа да мақалалар