28.03.2017, 10:59
Қараулар: 6
Елге жаққан ерлі-зайыптылар

Елге жаққан ерлі-зайыптылар

г-596«Ер дәулеті – еңбек» деп, қарап отыруды білмейтін іскер жандар жайында айтылатыны анық. Сайқындық Ерлан Дүйсекешев қолы епсекті, шаруаға мығым азамат. М.Мәметова атындағы орта мектепте 17 жыл күзетші болып істеген ол бүгінде іскерлік қырымен танылған кәсіпкерлердің бірі. Шаруаға бейімділігінен болар, ойлана келе құрылыс материалдарын әкеліп сатуды қолға алды. Тапсырыс молайып, соның арқасында жеке үй салушылар қатары көбейді. Олардың дені қажетті заттарын Ерланнан алып, іске батыл кірісуде. Нәтижесінде алғыр азаматтың кәсібі дамып, «Газель», «Шаран» автокөліктерін, ағаш кесетін станок сатып алды. Торлама (обрешетка), білте тақтайша (рейка), қоршау (штакетник), т.б. құрылысқа қажет заттардың бәрі де оның дүкенінен табылады. Жем әкеліп, оны да халыққа ұсынды. 2015 жылы өзіне үнемі қолдау беріп отыратын аяулы жары Бибігүлмен келісіп, ауылдың батыс бетінен «Аққу» дүкенін ашты. Мұнда азық-түлікпен қатар шаруашылық, құрылыс заттары да бар. Айта кетелік, бұл маңда бұрын дүкен болмай, тұрғындар керек-жарағын алу үшін орталыққа баратын.

Бибігүл  Астрахан облысының қызы. Сайқынға он сегіз жасында келін болып түскен. «1996 жылы отау құрдық. Ерлан ол кезде 28-де. Аллаға шүкір, бір-бірімізді қас-қабағымыздан ұғамыз. Екі қызымыз бар. Келін болып түскенде қиындық көрдім. Бір ауыз да қазақша білмейтінмін. Енем көп нәрсені үйретті. Дәулетті жердің қызы болғандықтан мұндағы халықтың жағдайына бірден көндіге алмадым. Қазір ол қиындық артта қалды. Шаруамыз жүріп жатыр. Ақылдасып отырамыз. Кәсіпкер Орынғаным Ақмурзина апайымның қарауында қызмет етіп, ол кісіден де үйренгенім аз емес. Мен жерлестерімнің бәрін туыс санаймын. Өсек-аяң, қақ-соқпен ісім жоқ. Адамды бар-жоқ деп бөлмеймін, тарылмаймын. Сөйлегенімде әлі де орысша ырғағым (акцент) білініп тұрады. Бірақ, қазақтар орысша сөйлесе ренжимін. Ал, Ресейге төркініме барғанда тек қазақша сөйлесемін»,-деген сөздеріне ішіміз жылып қалды. Ашық мінезді, жайдары келіншек сүйкімді-ақ.

Отбасылық бизнестері болғандықтан олар сырттан кісі алуды жөн көрмейтін сияқты. Тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге дағдыланған  кәсіпкерлер іскерлік қырын одан әрі жетілдіруде.

«Шаран» көлігін көріп, «Оралға жолаушы тасып тұрасыз ба?»-деген сауалымызға Ерлан: «Таксистерге бәсекелес болмаймыз»,-деп күлді. Бұл шаңырақтың тұңғыштары Анар Қостанай педагогикалық институттында грант негізінде білім алуда. Ал, Динара 7-сынып оқушысы. «Еңбегі жанғанның тоқтысы егіз туады» деген қағида осы еңбекқор жанұяға арналып айтылғандай.

Г.ТҰРСЫНТЕГІ.