28.03.2017, 10:04
Қараулар: 1284
Браконьер, ақ бөкеннің жазығы не?

Браконьер, ақ бөкеннің жазығы не?

в-150-Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен киік (ақ бөкен) аулауға тыйым салынған жануарлар қатарына енгізілді. Оның  сақталуын және еркін өсуін бақылап, заңсыз аңшылықтан қорғау үшін облыстық «Охотзоопром» мекемесі жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта мамандарымыз арнайы жабдықталған бірнеше техникамен Бөкей ордасы ауданы аумағында жүр. Соңғы санақ бойынша (2016 жылғы мамыр) облыс  көлемінде 70 мың жарым шамасында киік болған. Осы аң мүйізінің шығыс медицинасында пайдаланылуы оның қара базардағы бағасын арттырып отыр. Соған байланысты 2016-2017 жылдары бірнеше заңсыз аңшылық деректері тіркелді. Оның бірнешеуінде броконьерлер қолға түспей, құтылып кетті. Орда, Бисен ауылдық округтерінің аумағында мүйіздері кесілген отыздаған киіктің төшкелері табылды. Олар бойынша заңсыз аңшылық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұдан басқа қыс қаһарынан шығынға ұшыраған киік өлекселері табылып, құзырлы мекемелер қатысымен жойылды.

Заңсыз аңшылық, киік бөлшектерін алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, сатып жіберу, тасымалдау немесе жою сияқты әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген. Есепті мерзім кезінде заңсыз аңшылық үшін 1 азамат, дериваттар айналымы үшін 6 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардан 1 киік төшкесі, 20 дана мүйіз тәркіленді.

2017 жылғы есеп бойынша бұл аңның еркегінің құны: 1.361.400 (бір миллион үш жүз алпыс бір мың төрт жүз) теңге. Ал, ұрғашысының және лағының құны 1.021.050 (бір миллион жиырма бір мың елу) теңге болып белгіленген. Заңсыз аңшылық үшін ұсталған жағдайда мемлекетке келген осы залал толық өндіріледі. Соған байланысты аудан тұрғындарын заңсыз аңшылық пен дериваттардың (мүйіздерін немесе басқа да бөлшектерін) айналымы бойынша қылмыстық әрекеттердің алдын алуға, бірлесіп жұмыстануға, яғни, табиғатты бірлесіп қорғауға шақырамыз.

Руслан СЕРІКБАЕВ,

«Охотзоопром» РМҚК БҚО

 филиалының инспекторы.