18.03.2017, 11:55
Қараулар: 119
«Өмірге «ИӘ» деп айт!»

«Өмірге «ИӘ» деп айт!»

Аудан мектептері де 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында «Өмір тамаша! Босқа қауіпке жол берме!» ұранымен оздырылған «Өмірге «ИӘ» деп айт!» республикалық ақпараттық науқанына  ұйымшылдықпен үн қосты.

 Науқан аясында баланы денсаулығына зиян келтіретін және теріс психологиялық әсер ететін ақпарат, үгіт-насихаттардан қорғауға және қоғам назарын осы бағыттағы жұмыстарға аударуға көңіл бөлініп, білім беру ұйымдарында көптеген шаралар жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсақ, сыныптарда «Бала өмірі – басты құндылығымыз» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтіп, онда ауа райы қолайсыздығы, жердің тайғақтығына қатысты балалар жарақатының және қазіргі күнде дүниені елендетіп отырған әлеуметтік желілердегі «Синий кит», «Тихий дом» атты ойындардың алдын алу мақсатындағы ақпараттар таратылды, түсінік жұмыстары жүргізілді. Білім беру мекемелерінде «Өмір тамаша!», «Өмірді таңда!» т.б. ұранымен арнайы бұрыштар жасақталды. Мектептердегі сенім телефонының қасына балаларға психологиялық көмек көрсететін мекемелердің байланыс деректері (республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі) бар арнайы парақшалар ілінді.

Мектеп психологтары 4-5-сынып оқушыларына «Менің мектептегі ерекше бір күнім» тақырыбында арт-терапиялық жаттығулар жүргізсе (суреттер салдырту, тыныс алдырту, құм, т.б. арқылы), 5-11-сынып оқушыларының бойында позитивтік өмірлік ұстанымын қалыптастыру бағытында кезең-кезеңмен 5-6-сыныптарға «Достық алақаны», 7-9-сыныптарға «Біз – бақытты өмірді таңдаймыз», 10-11-сыныптарға «Болашақта мен…» психологиялық тренингтерін («Шар», «Айна», «Мен сенімен танысқаныма қуаныштымын!», т.б.) өткізді.

Жоғарғы сынып оқушыларына «Интернет. Әлеуметтік желі және виртуальды ойындарды қолдану шегі», «Өмірге деген сенің көзқарасың…» тақырыптарында дөңгелек үстелдер, қыз балаларға «Ерте жүктілік туралы», «Қазақ қыздарына қандай қасиет тән», «Жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар» тақырыптарында жиналыстар,  5-11-сынып оқушыларына 1-10 наурыз аралығында «Рахмет, АНА! Маған өмір сыйладың ЖАҢА!», «Өмір – қымбатсың маған», «Жизнь удивительна и прекрасна!»  тәрбие сағаттары  жалғасын тапты. Сонымен қатар, «Өмір тамаша! Босқа қауіпке жол берме!» атты флешмоб билеп, 7-11-сынып оқушылары «Менің өмірім…» тақырыбында эссе жазды. Ата-аналарға «Отбасы құндылықтары» семинар-тренингі өткізілді.

Мектеп психологтары депрессивті жағдайды диагностикалау Зунге бойынша 8-11-сынып оқушыларына тест өткізді, зерттеу қорытындысында оқушыларда депрессивті жағдайдың жоқтығы анықталды.

 Нұрсұлу СӘЛІМОВА,

 аудандық білім беру бөлімінің

бас маманы.

мектепішілік шара

Басқа да мақалалар