15.03.2017, 1:14
Қараулар: 1341
Ақ халатты Ақмарал

Ақ халатты Ақмарал

а-386 - копия

Жақсылық жанды жадыратады. Әйелдер қауымын ерекше нұрландырып кететін 8 наурыз мейрамының нәзікжандылар үшін маңызы жоғары. Әдемі тілек, жағымды лебіз естіп, көңіл-пернең ән салар осы бір айтулы күні әр салада абыройы артқан қыз-келіншектер облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болады. Солардың қатарында Саралжын ауылдық округі амбулаториясының меңгерушісі, жоғары санатты жалпы тәжірибе дәрігері Ақмарал Сейітова да зор құрметке бөленіп қайтты.

— Жағымды хабарды естігенде қатты қуандым. Ол кезде Орал қаласында оқуда едім. Жиырма жыл шаршап-шалдыққаным лезде басылып, еңбектің тәтті дәмін сезінгендей күй кештім. «Өңім бе, түсім бе?!»-деп тебірендім. Әрі еңбегімді құрметтеген аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық аурухананың бас дәрігері Әділгерей Ғаббасқа алғысым шексіз,- дейді ақ халатты абзал жан.

Әрине, Ақмарал Серікқалиқызының құрметтілер тізімінде болуы құптарлық. Қызметінде беделді әйел-ана өнегелі ортада тәлім алған. Әкесі марқұм Серікқали Сейітов Саралжын ауылында ұзақ жыл мектеп директоры болған еліне қадірлі азамат тұғын. Кезінде ол гинеколог болуды армандапты. Бірақ, тағдыр оған мұғалімдік қызмет ұсынған. «Қызым, адам бойындағы ең жағымды қасиет – адамгершілік. Осыны мықтап жадыңда ұста!»-дейді екен әкесі әркез. Иә, Ақмаралдың ортасында бағасының биік болуы  сол әке өнегесінен шығар. Дәрігер бүгінде жары Марат екеуі қос қызғалдақ тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Ақеркенің мамандығы мұғалім болса, Айару 10-сынып оқушысы. Оқу озаты.

Саралжынмен қоса, Ұялы ауылы тұрғындарының денсаулығын қарау міндетін еншілеген дәрігердің бос уақыты жоқ десек те болады. Ел алғысын арқалай бер, Ақмарал дейміз біз.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.

Замандас келбеті

Басқа да мақалалар